Құрылтай сайлауының қорытындылары сайлау өткізілген күннен бастап 10 күннен кешіктірілмейтін мерзімде белгіленеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті.
– Дауыс беру күні сайлау рәсімдерін байқауды 51 мыңнан астам ұлттық байқаушы жүзеге асырды. Оның ішінде кандидаттардың, саяси партиялардың 7 300 сенім білдірген адамдары, саяси партиялардан 24 879 байқаушысы, 182 аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерден 26 887 байқаушысы, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың 777 байқаушысы қатысты. Сайлау учаскелерінде шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысып, сайлау барысын жария етіп отырды. Оның ішінде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының – 1 852 өкілі, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарынан – 117 аккредиттелген журналист, – деді комиссия төрағасы.
Осы ретте ол ұлттық және халықаралық байқаушыларға, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге жәрдемдескені үшін алғысын білдірді.
– Сайлау процесінің барлық кезеңінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың сайлау құқықтарын толық жүзеге асыруына қажетті жағдай жасауға баса мән берілді. Сайлау туралы конституциялық заңның нормаларына сәйкес Құрылтай сайлауының қорытындылары Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау өткізілген күннен бастап 10 күннен кешіктірілмейтін мерзімде белгіленеді және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Отырысты өткізу күні мен уақыты қосымша хабарланатын болады, – деді ол.
Оның айтуынша, алдағы кезеңде Орталық сайлау комиссиясы заңнамада белгіленген тәртіппен сайлаудың қорытындыларын белгілеу және сайланған депутаттарды тіркеу бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады.






