Елдік мұрат жолындағы таңдау

8

0

Құрылтай сайлауы Сырдария ауданы тұрғындарының маңызы жоғары ортақ істегі ауызбірлігін көрсетті. Сайлау учаскелерінде дауыс беру талапқа сай жүргізіліп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік қамтамасыз етілді.

Сайлауға ауданның әр буын өкілі белсенді қатысты. Тереңөзек кентіндегі №155 сайлау учаскесіне 105 жастағы екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Яхия Тасыров келіп, дауыс берді. Ғасырдан асқан қария ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысып, азаматтық ұстанымын біл­дірді. Бүгінде Яхия Тасыров – Қы­зылорда облысындағы жалғыз соғыс ардагері. Бейбіт күннің қадірін терең түсінетін майдангер елдің тұ­рақтылығы мен болашағы үшін әр азаматтың таңдау жасағаны жөн екенін атап өтті.

Сырдария ауданындағы №157 сай­лау учаскесінде тоғызқұмалақтан Қа­зақ­­стан Республикасының еңбек сіңір­­ген жат­тықтырушысы Білімжан Елеу­­сін дауыс берді. Ұлттық спорт­ты да­мытуға, халықаралық, респуб­ли­ка­лық жа­рыс­тардың чемпиондары мен жүл­дегерлерін тәрбиелеуге үлес қосып жүрген тәжірибелі маман осылайша азаматтық міндетін орындады.

– Әр азаматтың дауысы маңызды. Бүгін өз таңдауымды жасап, азаматтық борышымды орындадым. Елдің болашағы жарқын болсын! – деді ол.

Сайлау күні жергілікті спортшылар да белсенділік танытты. «Қайсар» көгал­дағы хоккей командасының мүшесі Асхат Ермағанбетов спорт­­шылардың ел бола­шағына бей­жай қарамайтынын атап өтті. Ал волейболдан құрама команда ойын­шысы, аудандық спорт клу­бының жат­тық­тырушысы Ұлпан Дайрабаева Құрылтай сайлауында дауыс бергенін жеткізді.

Аға буын өкілдерінің сайлау учаске­леріне еркін жетуіне де жағдай жасалды. Ауданда авто­көлік волонтерлері жасы үлкен тұрғындарды учаскелерге жет­кі­зіп, дауыс беру процесіне қатысуына көмек­тесті. Бұл – жастардың үлкендерге деген құрметін және қоғамдық жауапкершілігін көрсе­тетін игі бастамалардың бірі.

№156 сайлау учаскесінің төр­ағасы Қалихан Омаровтың айтуын­ша, дауыс беру барысы тұрақты әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

– Сайлау – ел өміріндегі маңызды әрі тарихи күндердің бірі. Кент тұрғындары сайлау учаскесіне келіп, азаматтық мін­деттерін орындады. Дауыс беру тұрақты және жоғары деңгейде өтті. Құрылтай ел бірлігі мен қоғамдық ортақ мақсатты айқындайтын маңызды құрылым болғалы тұр, – деді ол.

Сайлау учаскелерінде тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақса­тын­да мәдени бағдарламалар да ұйым­дас­тырылды. Аудан өнерпаз­дары ән шырқап, күй орындап, ұлттық өнерді насихаттады. Сонымен қатар кітап көрмелері қойылып, келушілерге рухани-танымдық әдебиеттер таныстырылды.

Осылайша Сырдария ауданында сай­лау күні әр жастағы тұрғындардың азамат­тық белсенділігімен ерек­ше­ленді. Он сегізге толған жастардан бастап ардагерлерге дейін өз таңдауын жасап, ел болашағына қатысты маңыз­ды саяси науқаннан қалыс қалған жоқ.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»