Еліміз үшін тарихи күн

3

0

Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауында дауыс берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс берді. Мемлекет басшысы дауыс берген соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингте осы саяси оқиға мен алдағы маңызды міндеттер туралы ой бөлісті.

– Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәти­желерге қол жеткіздік. Дегенмен алды­мызда тұрған жұмыс ауқымды, мақса­тымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана, – деді Президент. 

Мұнан соң Мемлекет басшысы алғашқы Құрылтай сайлауына және елдегі өзгерістерге қатысты бірқатар сауалға жауап берді.

Сағыныш ӘБІКЕЙ, «Хабар» теле­арнасының тілшісі:

– Сіз конституциялық реформа тарихи өзгерістердің бастамасы екенін, ал түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасатынын айтқан едіңіз. Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі іске кірісіп, Вице-Президент лауазымы та­ға­йындалғаннан кейін елде қандай өзгерістер болады?

– Жұрттың бәрі Вице-Президент лауа­зымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды арнайы енгіздік. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-Президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын. Тағы басқа реформаларды іске асырамыз. Мысалы, Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажет. Халық Кеңесі дегеніміз – жаңа орган. Кей­бір азаматтар Ассамблея туралы сұрап жатыр екен. Халық Кеңесі Ассамблеяның ат­қарған қызметін одан әрі күшейтеді деп ойлай­мын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады. Сондықтан Кеңес­тің жұмысы жемісті болатынына кәміл сенемін. Жалпы, жоспарымыз өте ау­қымды. Осыған дейін айтқанымдай, Қазақ­стан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында немесе ау­дан­дар мен қалаларда ірі құрылыстар жүр­гізіледі. Емханалар, бала­ларға арнал­ған оңалту орталықтары, басқа да ны­сандар салынады. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы, Су ресурстарын зерттеу ор­талығы секілді маңызды нысандар бой кө­тереді. Қалаларды абаттандыру керек. «Таза Қазақстан» акциясын ойдағыдай жал­ғастыру қажет. Сондықтан қол қусырып отыруға болмайды. Бәріміз бір ел болып іске кіріскеніміз жөн. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек. Жалпы, саяси науқан жақсы өтті. Себебі жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды идеялар айтылды. Бұл Құрылтай еліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын.

Тамара Вааль, Vlast.kz интернет басылымының тілшісі:

– Қасым-Жомарт Кемелұлы, жуырда Конституциялық сот жариялаған түсін­дір­меге сәйкес, Сіздің Мемлекет басшысы ре­тінде Президент лауазымына қайта сай­лануға құқығыңыз бар екен. Бұл жаңалық қоғамды елең еткізді. Сіз өз құқыңызды пайдаланып, 2029 жылғы Президент сай­лауына түсуді жоспарлап отырсыз ба? Президент сайлауы 2029 жылы өте ме, әлде кезектен тыс сайлау болуы мүмкін бе?

– Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ ал­дағы уақытта сайлау өткізуге және оған қа­ты­­сатыным немесе қатыспайтыным ту­ралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің ал­­дында тұрған ауқымды міндеттерді ең­серуіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алды­мен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысан­дар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлт­тық қор­дың қаржысын пайдалануға дайын­мын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қара­жатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұс­тап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат хал­қы­мыз­дың, азаматтарымыздың игілі­гіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағ­­­дайға баса на­зар аударуымыз, жан-жақ­ты талдауымыз қажет. Өздеріңіз біле­сіз­дер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жол­мен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбіт­шілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық бай­қа­лады. Мұны негізгі халықаралық қаржы инсти­туттарының бағасы да растады. Ал­дағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы… Сол кезде сізге нақты жауап беремін.

Рауль Ғабитов, «24 kz» телеар­насының тілшісі:

– Құрылтай іске кіріскеннен кейінгі өз­герістерге тоқталсаңыз. Сіздің ойыңызша, жаңа заң шығарушы орган бірінші кезекте қандай заңдарды қабылдайды? Құрылтай де­путаты қандай қасиетке ие болуы керек? Оның сайлаушылар алдындағы жауап­кершілігі қандай?

– Әлгінде ғана айтқанымдай, алғашқы бір палаталы Парламент сайлауының тари­хи мәні зор. Құрылтай сайлауына үлкен үміт артамын. Еліміздің дамуына тың сер­пін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қол­даймын. Депу­тат­тар, ең алдымен, заң­ның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар бер­ген уәделерін немесе бағдарламаларын орын­дау­ға тиіс. Үшін­шіден, ел дамуына ықпал ете­тін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Ота­нымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мем­лекетке айналдыру жо­лында күш-жігерімізді біріктіру керек. Бұл ретте Консти­туция бізге мол мүмкіндік береді. Бір­тұтас ел болып қабылдаған Жаңа Консти­туциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе, жастарға жарқын жол нұс­қайды. Келешегіміз – жастардың қо­лында. Оған күмән жоқ.

Саяна Санақова, Atameken Business телеарнасының тілшісі:

– Заңға сәйкес, Құрылтай сайлауынан соң Үкімет жұмысын тоқтатуға тиіс. Соған сай Министрлер кабинеті жасақталады. Жаңа Үкіметтің бағыт-бағдары мен міндеттері жөнінде не айтасыз?

– Жалпы, Үкімет барынша табанды, же­дел жұмыс атқарып, Мемлекет басшысы қой­ған міндеттерді орындап отыр. Дүние жүзіндегі бәсекелестік күшейіп келеді. Нарық­тың сын-қатерлеріне мұқият назар ауда­рып, ең бастысы, тиісті деңгейде төтеп беруіміз керек. Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді. Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек. Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Өйткені бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет. Бұл істе Үкімет маңызды рөл атқарады.

Қырмызы Жандос, «Еуразия бірінші» телеарнасының тілшісі:

– Сайлау науқанын жіті бақылаған болар­сыз. Осы жолғы партиялар ара­сындағы саяси бәсекенің деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

– Мен бұл мәселеге оң баға берсем, қателеспеймін. Меніңше, саяси науқан жақ­сы өтті. Өте ұтымды, мазмұнды теледебаттар болды. Жастарымыз пікірталастарды зор ықыласпен тамашалады. Оған бәріміз де куә болдық. Бұл жаңғыруымыздың жаңа кезеңі әрі қарышты қадам болды деп айта аламын.

Ділназ Ерланқызы, Jibek joly теле­арнасының тілшісі:

– Сіз Мемлекет басшысы ретінде жас­тарға сенім артып, оларға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Құрылтай депутаттығына үміткерлер арасында түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жастар бар. Сіздің ойыңызша, олар Құрылтай жұмысына серпін бере ала ма?

– Оны көре жатармыз. Біз жастарға сенім артамыз. Оларды кезінде түрлі лауа­зымдарға тағайындадық. Үкіметте жоғары қызмет атқарған жастардың бәрі өзіне жүк­телген міндетті мүлтіксіз орындады деп айта алмаймын. Әрине, түрлі кедергі мен се­беп кезігіп жатады. Дегенмен жастарға сенім ар­тып, жауапкершілік жүктеу керек. Он­сыз бол­майды. Қазақстан – демография тұрғы­сынан жас мемлекет. Сондықтан жастарға зор сенім артамыз. Олар да бұған дайын бо­луға тиіс. Әйтпесе, кезінде министр болып, Үкі­метке келген соң жұмыстың берекесін кетір­гендер де болды. Бұған жол бермеуіміз керек.

Юлия Магер, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі:

– Сіз баяндамаларыңыздың бірінде аза­­мат­тардың жүріс-тұрысының жаңа мә­де­­ниеті мен жаңа қоғамдық этика қалып­тас­тыру жөнінде айтқан едіңіз. Сіз­дің бас­та­маңыз­ды бірқатар танымал аза­мат­тар іліп әкетті. Көбінесе ұлттық тәлім-тәр­биеге сай ұстам­ды болып, адамды құр­­мет­­тей білу қасиеттеріне арқа сүйеу қажет екені айтылып жүр. Өзгелерге құр­мет, заң мен тәртіпті сақтау, өзіңді сый­лау және жауап­кершілік таныта білу азамат­тарымыздың күнделікті дағдысына айнала ма?

– Білсеңіз, бұл іске өзім бастамашы бол­дым. Науқан емес, нақты іске. Өйткені жастардың, егде адамдардың жүріс-тұры­сына қарап, байырғы дәстүрлі құнды­лық­тарымызға оралу қажет деген шешім­ге келдім. Ер адамдардың бір-бірін құ­шақ­тап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу ба­рысында әйелдердің еркектерді, еркек­тер­дің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқа­шан болмаған. Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істе­гені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жет­кен маршалдардың осындай қылық көр­сет­кенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қы­сып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған. Тіпті, осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойып амандасыңыз. Өмірде мұндай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мәселе көтердім. Жалпы, бізге тазалық, тәртіп мәдениетін дәріптеу керек. Қолымыздан келмейді деп кім айтты?! Біз де жасыл желекті жақсы көреміз. Қазір Астанада, басқа қалаларда, аудандар мен облыстық маңызы бар шаһарларда оң өзгерістерге куә болып жүрсіздер. Біз өңір басшыларына жоғары талап қойдық. Осы іспен түпкілікті айналысамыз. Өйткені тазалық дегенді тура мағынасында ғана емес, ой-сананың, жан дүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Белгілі тұлғалардың бірі айтқандай, ой тазалығы бой тазалығымен де ұштасқаны жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана күллі әлемге таныламыз.

Айсұлтан Құлшыманов, Tengrinews ақпарат агенттігінің тілшісі:

– Сіз жасанды интеллектіні Қазақ­стан­ның жаңа экономикалық моделінің негізі деп атадыңыз. Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Межелі міндеттер орындалып жатыр ма? Цифрландыру мен жасанды интеллектінің күнделікті өмірге әсеріне қандай баға бересіз?

– Өте орынды сұрақ. Өйткені, 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интел­лект жылы деп жарияланды. Жол­дауда осы тақырыпты қозғаймын. Біз цифр­лық мемлекет құрудың, яғни цифрлық қызметтер ұсына алатын мемлекет болу­дың алғашқы кезеңінен өттік. Өзге елдермен салыстырғанда өміріміз әлде­қайда жеңілдеді. Мұны өздеріңіз де көріп, байқап жүрсіздер. Қазір көп шаруаны үйден шықпай-ақ шеше аласыздар. Бұрын мұның бәрін реттеуге уақыт жұмсап, табан тоздыруға тура келетін. Сондықтан цифрлық сервис көрсететін мемлекет ретінде қалыптасу қажет болды. Қазір келесі кезеңге қадам бастық. Үкіметке алғашқы сатыда қалып қоймай, халықаралық келіс­сөздер жүргізу жөнінде тапсырма бердім. Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа, еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон – ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес. Смартфонмен ақша табуға болады. Мәселені осылай төтесінен қойған жөн. Әсіресе, бұл шаруаларға керек. Олар ауыл-аймақтан шықпай-ақ кәсібін жүргізуге заманауи технологияны пайдалана алады. Алдағы уақытта Үкімет дәл осы міндетті орындайды.