90 пәтер табысталды

11

0

Фото: Облыс әкімдігі

Қаланың сол жағалауында тағы бір қоныс тойы болды. Бұл жолы екі көпқабатты тұрғын үйдің 90 пәтері әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасыларға табысталды.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жаңа қоныс иелерін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қолжетімді баспана – арман емес, біздің азамат­тары­мыздың алдындағы мінде­тіміз», – деген болатын.

Бұл бағытта Сыр өңірінде байыпты бастамалар сәт­ті жүзеге асуда. Тұрғын­дар­дың әл-ауқатын арттыру үшін жайлы баспанамен, әлеу­меттік нысандармен қамту жүйелі жолға қо­йыл­ған.

Бүгін кезекте тұрған жерлестерімізге аумағы 7 мың шаршы метрден асатын 90 пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстау­дамыз.

Алдағы уақытта да шаһардың ажарын айшықтайтын заманауи үлгідегі тұрғын үйлер бой көтереді.

Жаңа қоныс құтты, шаңырақтарыңыз биік, босағасы берік болсын, іші береке мен мерекеге толсын! Әр отаудан бүлдіршіндердің күлкісі естіліп, татулық салтанат құра берсін! – деді аймақ басшысы.

Рәсімде ел ағасы Бақберген Досманбетов сөз сөйлеп, тұрғын үйді салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Кейінгі төрт жылда тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер беріліп, 30 мыңнан астам жерлесіміз баспаналы болды. 2026-2027 жылдары 6200-ден астам пәтер табысталып, 25 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесін шешу жоспарлануда.

Бүгінде сол жағалауда бой көтерген 169 нысанның 136-сы – көпқабатты тұрғын үй. Жаңа шағын аудан тұрғындарының саны 25 мыңнан асты. Халыққа жайлы орта қалып­тастыру мақсатында 20 әлеуметтік, 13 ірі биз­нес нысаны бой түзеп, ел игілігіне қызмет етуде. Қазіргі уақытта тағы 48 ғимарат салы­нып жатыр. Сондай-ақ И.Тоқтыбаев көшесінен сол жағалауға өтетін төрт жолақты жаңа көпір құрылысы жоспарланған.

«СБ» ақпарат