Қызылорда облысындағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы, оның ішінде 279 мектеп асханасына мониторинг жүргізілді.
Облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті оның 165-інде талаптың бұзылғанын анықтады.
– Атап айтқанда, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болмауы, желдету жүйесінің істен шығуы, жабдықтар үстінде жылу мен ылғал бөлетін сору желдеткішінің орнатылмауы, жөндеу жұмысының аяқталмауы, асүй жабдықтары мен ыдыстарының жеткіліксіз болуы, технологиялық-тоңазытқыш жабдықтарының ішінара істен шығуы сияқты кемшіліктер кездесті. Асхананы жалға алушы жеке кәсіпкерлерге заңбұзушылықты жою туралы нұсқамалар берілді. 27-сінің қызметіне тыйым салу түріндегі жедел ден қою іс-шаралары қолданылды, – деді департамент басшысы Гүлмира Сыздықова.
Талаптың орындалуы бойынша 20 мектептің асханасына жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 3 нұсқаманың орындалмауына байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігімен жауапты тұлғаларға хаттама толтырылып, әкімшілік сотқа жолданды.
Бүгінгі күні 18 асхананы жалға алушылар санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алды. Қалғаны да осылай қам-қарекет жасап жатыр.






