Кеше аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, күн тәртібінде 2027-2029 жылдарға арналған Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен аудан бюджетінің жобасы, сондай-ақ алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Ниматулла баяндап, ауданның биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін атап өтті.
Жалпы есепті кезең қорытындысымен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқан. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі бойынша 7 айдың қорытындысымен өнім көлемінің өсімі 149 пайызды құраса, ауыл шаруашылығы саласында 7 айда бұл көрсеткіш 101,3 пайызды жинап отыр. Осыған байланысты аудан басшысы:
«Жыл қорытындысымен барлық көрсеткіштердің орындалуы қамтамасыз етілуі тиіс. Жауапты бөлімдер әр көрсеткіш бойынша есеп жүргізіп, болжамын ай сайын ұсынып отырсын. Бұл жұмыстарды нақты талдау негізінде жүргізу қажет», – деп бірқатар тапсырмасын жүктеді.
Мәжілістің екінші мәселесі – алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытбек Жылтыров баяндады.
Алдағы жылу беру маусымына дайындықты сапалы аяқтау – басты міндет. Әр нысан бойынша кемшілік анықталған жағдайда уақытылы жойылып, жауапты басшылар жұмыстың нәтижесіне жауап беруі керек екенін атап өткен аудан басшысы әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығы толық қамтамасыз етілуі тиіс екенін ескертті. Осыған байланысты әлеуметтік нысандар дайындық паспорттарын уақытылы алуы қажеттігі тапсырылды.
Мәжіліс барысында көтерілген барлық мәселелер мен берілген тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы бақылауда болатыны ескертілді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі






