Құрылтай

Көңілден көшпес азамат

5

0

Ұялы телефон безек қағып қоя берді.

– Алло!

– Амансыз ба, мен марқұм Лескен до­сыңның қосағы Өміркүлмін ғой. Жан-жарымнан айырылғалы 20 жыл өте шы­ғыпты. Әттең, бар-жоғы 57 жасында бұл өмірден мезгілсіз кетті ғой. Атам қазақ: «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деп бекер айтпаған екен. Ара­мыз­дан кет­се де көңілдегі сағыныш басыл­майды. Оның рухын қайта тірілтіп, еске алу рәсімін өткізіп, Құран бағыштамақпыз. Айтпағым, Лескен туралы жақсы білесіз ғой, көңілге түйгендеріңізді еске алып, оқырмандарға олжа етсеңіз…

Өміркүлдің осы бір сағынышты өті­ніші сонау бір жылдарды көз алдыма көл­беңдей ала келді. Бұл өмірдегі шым-шы­тырық тірліктің сан тарау сүрлеулерінде алас-күлес атқа мініп, ағындап жүргенде талай жандармен жолың түйіседі. Осы аралықта айналаңдағыларды талғам тара­зысына салып, арқасы қорған ағаларды ардақтап, ізеті бөлек інілердің ілтипатына бөленесің. Иә, төрге шықса төбедей, тө­беге шықса төредей, сан алуан басшы­лықта болса да мадақ пен мансап қумай, елінің жігері, қоғамның тірегі болған ар­дақты азаматтың бірі де бірегейі Бекетов Лескен еді.

Мен онымен сонау тоқсаныншы жыл­дары танысып, араласып, бұл өмірден мезгілсіз өткенше сыйлас та сырлас бол­ғанмын. Ой, заман-ай, оның қашанда қа­рапайым қалпынан айнымайтын адами қасиетін, бойындағы кісілік пен кішілік болмысын көргенде марқайып жүретінбіз. Содан да сабырлық пен сыпайылықты серік етіп, өмірден өтсе де артында өш­пестей із қалдырған ардақты азаматпен дос болғанымды мақтаныш етемін.

«Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы жер – жанның тынысы» деген Лескен шы­­нында да жақсы адам еді.

Ол жастайынан жақсыдан үйренді, жа­маннан жиренді. «Көре-көре көсем бо­ларсың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың» дегендей, парасат пайымы биік азамат болып қалыптасты.

Лескен Бекетов 1949 жылдың маусым айында Қазалы ауданында өмірге келген. Туып-өскен жерінде орта мектепті ой­дағыдай бітіріп, Тараз қаласындағы жеңіл тамақ өнеркәсібі технологиялық инсти­тутынан дәріс алып, еңбек жолын 1973 жылы Қызылорда қаласындағы ас­тық өнімдері комбинатында бастайды. Осын­да жүріп өзін жақсы қырынан көрсетіп элеватор бастығы, комбинаттың бас ин­женері қызметтеріне жоғарылайды. Ке­зінде бұл өндіріс орнын «күріш за­уыты» атайтын.

Лескен қызмет еткен жылдары ком­бинат даңқы республика көлемінде дү­рілдеп тұрған шақ еді. 700-ден астам адам еңбек ететін. Әрқайсысы кішігірім за­уыт­қа татитын бірнеше цехтар мен қосалқы шаруашылықтар жауапкершілігі бас ин­женердің мойнына жүктелетін. Элеватор – астық өнімдері комбинатының жүрегі, тыныс-тіршіліктің өзегі болатын. Вагон-вагон күріш салысы комбинатқа ағылып жататын. Осы істің басы-қасында күн күлкіні, түн ұйқыны қойып Лескен жү­ретін. Жаңашылдыққа жаны құмар бас инженер әлеуметтік-тұрмыстық саланы жаңа деңгейге көтерді.

Қай қызметте болмасын өзінің іскер­лігімен, талапшыл да талғампаздығымен көзге түскен ол 1990 жылы кезінде «мен мұндалап» тұрған Арал аудандық астық өнімдерін тарату базасының директоры қызметіне тағайындалады. Оның осында жүргенде ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлік таланты ерекше байқалды. Шынында да, Лескен осы қызметке кі­ріскен аз уақыттан кейін-ақ бұған дейін басшылары жиі ауысып, жолы болмай тоқырап келген өндіріс орнының жаны кіріп жүре берді. База жұмысшылары мен қызметкерлері бірнеше ауысымда жұмыс істеп, еңбек көрігін қыздыра түсті. Аудан халқының арзан ұн мен мал жеміне қарық болғанына мен куәмін. Өндіріс техно­логиясын толық меңгерген білікті басшы өнім өндіру мәселесін бас жоспарға қоя отырып, еңбеккерлердің тұрмыс-тірші­ліктері мен демалыстарын да ұтымды ұйымдастыра білді. Мекеме ауласы қо­қыстан тазартылып, үгіт-насихатқа ар­налған көрнекіліктер түгелдей дерлік жа­ңартылды. Жұмысшылар үшін де­ма­лыс бөлмесі мен дүкен ашылды. Осындай жетістіктерімен комбинат облыс, рес­пуб­лика бойынша тағам өнімдері көр­ме­сінде бас бәйгені еншілеп жүрді.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бас­қару жүйесінде қайта құрылым басталды. Өндіріс орындары мен шаруашылықтар­ды «пысықайлар» жекешелендіріп ала бастады. Сонда Арал аудандық астық өнімдерін тарату базасын жекешелендіріп алудан Лескеннің: «ел-халықтың несі­бе­сін қара басымның құлқынына алуға аза­маттық арым жібермейді» деп бас тарт­қаны бар. Қаншама жыл басшылық қыз­метте жүрсе де дүние-мүлік жина­ған­нан гөрі дастарқан жайғанды жақсы кө­руші еді. Ол да бір Құдайдың берген мі­незі шығар, үйінен қонақтар арылмайтын Лескеннің сол ақ дастарқанын Өміркүлі әлі күнге жаюмен отыр.

Жоғарыдағылардың назарына іліккен азамат Арал ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Шыны керек, ол бұл қызметті аса қалаған жоқ, содан болар өз еркімен бас тартқан еді.

– Ереке, әкімшіліктің ісі менің қолым емес екен, қойғым бар. Өйткені, мен сая­саткер емеспін, күнде жиналыс, каби­нет­тен де шықпайсың, ал мен болсам өн­ді­ріс­ке кеткім бар, – деген еді бір кез­­­­дес­­кен­де.

Аудан әкімдігінде бар-жоғы үш-төр­т айдан кейін «Аралтұз» комбинаты­ның директоры қызметіне барды. Бұл 1999 жыл еді. Осылайша оның бас­шы­лық еткен жылдары нарық иықтан басып, таршылық пен тапшылық етектен тартып, ел еңсесін көтеруге мүмкіндік таппай тұрған қиын да күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. «Аралтұз» комбинатында ви­це-президент қызметінде жүріп, тұз байыту фабрикасының шаңырағын кө­терді. Комбинат өнімдері жарнамаланып, Ре­сей, Украина, Белоруссия, Өзбекстан мен Қырғызстан қалаларында болып, йод­­тал­ған сапалы тұздың таралу ауқы­мын ке­ңейтуге өзіндік үлес қосты. Ол ау­дан бас­шы­ларымен бірге жұмыссыздық сал­­­да­­­ры­­­нан шырқау шегіне жетіп тұрған әлеу­­­мет­тік шиеленісті бейбіт жолмен ше­шуге бір кісідей атсалысты.

Ол бірде көлік апатына ұшырады, өмір мен өлім арпалысына түсті. Бірақ мо­йыған жоқ, қызметінен кеткен жоқ. Өкі­нішке орай, асқынған ауру алмай қой­мады.

Лескен қысқа ғұмырында үлкен іс тындырды. Өзі қызмет істеген меке­ме­лерде ісі мен өшпестей ізі қалды. «Бақыт қонса, басшы болу оңай, ал азамат болу қиын» деген қағида бар. Айтса айтқандай, қандай да бір басшылықта болмасын дан­дайсуды, «мен-мен» деп кеуде соғып, кө­кірегін керуді білген емес. Арғымаққа міндім деп жасампаз жолдан қия басқан жоқ.

Бір құптарлығы, ол марапат пен ман­сапты ұната қоймайтын. «Басты мара­па­тым – халық алғысы» деуші еді. Мемле­кет­­тік мерекелік медальдар мен рес­­­­­пуб­­­ли­калық, облыстық басқару орган­да­ры­­ның «Құрмет грамоталары», «Алғыс хат­­та­­­рымен» марапатталды.

Жақсы адамның атын шығаратын оның дара тұлғалық бітім-болмысы ғана емес, оның бабын келтіретін, асыл қасиеттерін ардақтай білетін қосағы емес пе?! Лескенмен жарасып, шаңырақ кө­терген Өміркүл онымен бірге ауырғанын көзіміз көрді. Жан-жарының жол апа­тынан алған жарасы Өміркүлдің де жү­регіне жара салған. Бірақ мойыған жоқ, көп әйелдердің қолынан келмейтін іс атқара білді. Шаңырақтарын шайқалтпай өмірге бес қыз, бір ұл әкелді. Қыздарын қияға, ұлын ұяға қондырып, немерелер қызығына кенелген жағдайы бар.

Өнегелі отбасының үлкені Жанар Астанада қаржыгер қызметінде болса, Айгүл ҚР Президенті телерадиокешенін­де жауапты қызмет атқарады. Ал Бибінұр заңгер. Әйгерім – Ұлттық банкте бас маман. Салтанат өз кәсібін нәсіп етсе, ша­ңырақтың кенжесі Санжар Қызылор­да­дағы «Фридом қаржы брокер» мекеме­сінің басшысы.

Әңгіме үстінде Өміркүл жеңгеміз:

– Көзі тірісінде Лескенге бір құрдасы: «Сен талай қызметте жүрдің, бірақ дүние-мүлік жинамаған екенсің» дегенде, ол: «Мен дүние-мүлік емес, ел-халық алғы­сын алып жүрмін» дегені әлі есімде. Әкелері айтқандай, менің ұл-қыздарым да дүние-мүлікке қызығар жандар емес. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сол шығар. Осыған шүкір­шілік жасаймын, – дегені бар.

Лескен бізден алыстаса да аласар­майды, қайта ұрпақтар сабақтастығымен биіктей бермек.

Еркін ӘБІЛ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Арал ауданының құрметті азаматы