Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өңірде 14 мешіт болса, бүгінде олардың саны 195-ке жеткен. Облыста 6 мешіттің құрылысы жүргізілуде. Олардың үшеуі бір мезетте 1000-ға жуық адамды қабылдай алады.
Кәсіпкерлердің демеушілігімен бой көтеріп, ресми түрде ашылған Тасбөгет кентіндегі мешіт те осы қатарда. Сонымен бірге Арал мен Байқоңыр қалаларында салынып жатқан екі ғибадат үйі де жуық арада ел игілігіне берілмек.
Кеше облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдауда қоғамдық тұрақтылықты сақтау және діни ахуалды одан әрі жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
– Бүгінде әкімдік пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қала, аудан және шалғай елді мекендердегі тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Жат ағымдардың алдын алу және олармен күресуде тиісті шаралар ұйымдастырады. Бұл жұмыстарды одан әрі жандандыруда қолдауларыңыздың маңызы зор. Екі тараптың бірлескен оң бастамалары қоғамдық тұрақтылықты нығайтып, егемен еліміздің бірлігі мен тұтастығын сақтауға негіз болады деп сенемін, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде Бас мүфти діни тұрақтылықты сақтаудағы жұмыстарға оң баға беріп, бірлескен бастамалар үшін ризашылығын білдірді.
«СБ» ақпарат





