Жаңақорған ауданы Қандөз ауылында ақын, сазгер, ғалым Асқар Дүйсенбінің шығармашылығына арналған «Ән дәурен» атты ашық облыстық әншілер байқауы өтті. Байқауға Түркістан облысының әншілері де қатысты.
Сонау тоқсаныншы жылдары айтыс өнері арқылы танылған Асқар Дүйсенбі сазгерлігімен қатар ән әуендеріне сөз жазумен дараланды. Музыка зертеушілерінің мәліметінше, оның авторлығымен 500 ден астам әнге сөз жазылған. Оның 150-і танымал әндер қатырында. Әсіресе, Ұлықпан Жолдасов, Алтынай Жорабаева, Тамара Асар, Айгүл Қосанова секілді елге белгілі әншілердің қоржынында оның шығармалары мол. Автордың досы, компазитор Арман Дүйсеновпен жасаған тандемі де ел есінде.
Байқау алдында ауыл әкімі Кеңес Оразбеков сазгер-ақынға құттықтау сөз арнап, жас талапкерлерге сәттілік тіледі. Бұл шараға арнайы келген атақты айтыс ақыны Бекарыс Шойбеков, түркістандық журналист Мариям Тасболатова және басқалар естеліктер айтып, авторға сый-құрмет көрсетті. Сонан соң кеш иесі ауыл тұрғындары алдында өз шығармашылығы жөнінде аз-кем сұхбат берді.
Аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбекұлының құттықтауын аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов табыстады.
Байқауға қазылық еткен Сауран Елеуов, Асқар Дүйсенбі, Талап Тотаевтардың шешімі бойынша бас жүлдені Қызылорда қаласы, Абай ауылының әншісі Айдана Қасымбай жеңіп алды. Бірінші орынды шиелілік Мейіржан Қуандықов иеленсе, екінші орын сол Қандөз ауылының әншісі Назгүл Көмекбаеваға бұйырды. Ал үшінші орынды екі әнші – Әбдіғаппар ауылынан келген өнерпаз Өмірсерік Бейсенбиев пен шиелілік Еркін Тоқмырза бөлісті.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Жаңақорған ауданы





