Құрылтай

Кәсіпкерлік нысандарының жұмысы таныстырылды

12

0

Фото: облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қаладағы кәсіпкерлік нысандарын аралау барысында
Белкөл кентіндегі «Вега Пром» ЖШС-ның автоклавты газоблок пен құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауытына барды.

Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 30 мың текше метр, құрылысқа 30 адам тартылған. Қазіргі таңда нысанда техникалық іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік қолдау аясында 3 гектар жер телімі беріліп, қажетті құрал-жабдықтар мен техникалар Қытайдан жеткізілген. Кәсіпорынды қыркүйек айында толық іске қосу жоспарланып отыр.

Кәсіпкерлік нысандарының жұмысы таныстырылды

Дәл осы аумақта орналасқан асфальтбетон өндірісі «Орда автодор» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен іске қосылған. Сағатына 60 тонна асфальтбетон қоспасы өндіріледі, жоба құны 1 млрд теңге. Бүгінде өндірілген өнім ішкі нарықтың сұранысын толық өтеуде.

Келесі нысан – қала орталығында салынып жатқан «Пана Қаракөз» қонақүйі. Заманауи үлгідегі қонақүйде 70-ке жуық нөмір қарастырылған. Сондай-ақ келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында заманауи технологиялар енгізілмек. Мұнан бөлек ғимаратта «Tary» этно-кофеханасы орналасатын болады. Қазіргі уақытта ғимараттың іші әрленіп, қасбеті қапталып жатыр. Қонақүй биыл пайдалануға беріледі.

Бұдан кейін облыс әкімі балық шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған «Хан Бекіре» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Жоба құны 31,4 млн теңге, негізгі өндірістік қуаттылығы жылына 28 мың тонна. Мұнда альянский, орыс бекіресі, янтарь және форель өсіріліп, облыс аумағына сатылымға шығарылады.

Сондай-ақ аймақ басшысы «Шапағат» жеке кәсіпкерлігінің жылыжай шаруашылығын аралады. Кәсіпкер озық технологияларды пайдалана отырып, бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысады. Құны 45 млн теңге, аумағы 1 200 шаршы метр жылыжайда Ташкент лимоны мен қиярдың бірнеше түрі өсірілуде.

Облыс әкімі нысандарды аралау кезінде жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі