Кеше Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңда «Semizbay-U» ЖШС-нің 20 жылдық мерейтойына орай аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік концерт өтті.
Мерекелік кеш барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сөз сөйлеп, «Semizbay-U» ЖШС-нің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып келе жатқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар, серіктестіктің қалыптасуы мен өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген еңбек ұжымына алғысын білдіріп, мерейтой иелеріне толағай табыс, тұрақты даму және жаңа жетістіктер тіледі.
Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков пен «Semizbay-U» ЖШС бас директоры Біржан Сатанов аудан тұрғындарына ризашылықтарын білдіріп, серіктестіктің қалыптасуы мен дамуына үлес қосып келе жатқан еңбек ұжымына алғыстарын жеткізді. Сонымен қатар, аудан халқына ақжарма тілектерін арнап, мерейтойға орай ұйымдастырылған мерекелік кештің маңыздылығын атап өтті.

Салтанатты кеште аудан өнерпаздарымен қатар, эстрада жұлдыздары Жұбаныш Жексенұлы мен Қайрат Түнтеков өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кешке жиналған аудан тұрғындары мен қонақтары өнерпаздардың өнерін тамашалап, әнге қосылып, ерекше әсерге бөленді. Мерекелік концерт аудан халқының ұйымшылдығы мен өнерге деген ықыласын айқын көрсетті.
Айта кетейік, «Semizbay-U» ЖШС – Шиелі ауданындағы өндіріс саласында өзіндік орны қалыптасқан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан кәсіпорындардың бірі. Серіктестіктің 20 жылдық тарихы – білікті мамандардың еңбегі мен өндірістегі жетістіктердің жарқын көрінісі.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






