Құрылтай

Динара Сәтжан мен Баян Алагөзоваға тіл тигізген ақтөбелік емші 1,5 миллион теңге айыппұл арқалады

3

0

Фото: Динара Сәтжан/соттан видео

Ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесова әкімшілік жауапқа тартылды. Ол продюсер Баян Алагөзова мен журналист Динара Сәтжанға қатысты “жала жабу” бабымен кінәлі деп танылып, 1 миллион 557 мың теңге айыппұл арқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде Бағдагүл Лепесованың Баян Алагөзова мен Динара Жаңақұловаға қатысты айтқан видеосы тарап кетті.

Ақтөбе қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Ұлан Есжановтың соттағы мәліметінше, арыздар 15 мамырда «Е-Өтініш» арқылы түскен. Полиция келесі күні жәбірленуші тараптың қорғаушысымен кездесіп, іс құжаттары мен видеоларды алған. Кейін Лепесовамен байланысып, оның жүрген жерін анықтаған.

25 мамырда ол Ақтөбеге келген соң, полицияға өзі хабарласып, мекенжайын айтқан. Осыдан кейін оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы 2-бөлігі “Жала жабу” бойынша хаттама толтырылды.

“26 маусымда іс құжаттары сот медициналық сараптамаға жолданды. 13 шілдеде сот қаулысы шыққаны туралы хабарлама келді. 20 шілдеде іс құжаттары сотқа жолданды”, – деді инспектор.

Жәбірленуші ретінде танылған продюсер Баян Алагөзова видео моральдық тұрғыда ауыр тигенін айтты. Оның сөзінше, өзі туралы есірткіге тәуелді, мемлекеттен ақша алып, оны өз қажетіне жұмсайды деген және басқа да айыптаулар айтылған.

“Мені қорлады, кемсітті. Мұның бәрін тыңдап отыруға лайықты емеспін. Барлық порталдан көрдім. Осы себепті тіпті Tik-Tok парақшамды өшіріп тастадым. Тұлға, адам ретінде еңсеңді езіп жібереді. Есірткіге құмар, мемлекеттен ақша алып, жігіттерді жалдайды, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсайды деп айтқан. Көп қорлап, жала жапты. Мен әділ шешім шығарып, Лепесованы жазалауды сұраймын”, – деді Алагөзова.

Алагөзова оған кешірім бермейтінін және медиациялық келісімге бармайтынын айтты. Сөзінше, оның жағдайы барлығына сабақ болуы тиіс. 

Сондай-ақ ол видеодағы материалдың жасанды интеллект арқылы жасалды деген уәжбен келіспейтінін де айтты.

Сотта Бағдагүл Лепесова өз кінәсін мойындамады. Ол Баян Алагөзованы танымайтынын, орыс тілін білмейтіндіктен, оның не айтқанын түсінбейтінін жеткізді.

“Менің бөлек әлемім бар. Бұл кісінің әлемін мен түсінбеймін. Өзіме тағылған айыптың ешқайсысын мойындамаймын. Орысша білмеуіме байланысты мені жазаға тартып отырған ханымды танымаймын деп айтамын. Айтқанын түсінбеймін. Өйткені бұлар орысша сөйлейтін адамдар. Екіншіден, сотқа беретіндей мен қателік жасаған жоқпын деп ойлаймын. Сол өзімнің жауабымды бердім түсініктемеде бар, бәрі анық”, – деді емші.

Сотта Лепесова даулы контентке қатысы жоқ екенін айтып ақталуға тырысты. Лепесованың қорғаушысы сотта оның бұл бейнежазбаны өзі түсірмегенін және жәбірленушілерге қатысты мұндай пікірлер айтпағанын алға тартты.

Судья Анар Айтжанова Бағдагүл Лепесованы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.

“Бағдагүл Лепесова Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3 бабы 2 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 778 500 теңге әкімшілік айыппұл салынсын. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 58-бабына сай Байдагүл Лепесоваға түпкілікті 1 557 000 тг әкімшілік айыппұл салынсын. Айыппұл 30 тәуліктен кешіктірілмей төленуі тиіс”, – судья Айтжанова.

Еске салайық, бұған дейін Динара Сәтжан мен Баян Алагөзова ақтөбелік “TikTok-емшіні” тексеруді талап еткені хабарланған еді. Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желіде сынықшы әрі емші ретінде танылған. Алайда кейінгі уақытта оның тікелей эфирдегі мәлімдемелері көпшілік арасында дау тудырып жүр. Соңғы дауға тележүргізуші Динара Сәтжанға қатысты айтқан сөздері себеп болды.

Осыдан кейін Динара Сәтжан емшінің қызметі мен табысына қатысты бірқатар сұрақ көтерген. Ол “ақылы бата” үшін түскен қаржы қайда аударылатынын, емшінің салық төлейтін-төлемейтінін, адам емдеуге лицензиясы бар-жоғын анықтауды сұраған.