«Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ».
Ертең, 14 тамыз – марқұм әкем Кемалбек Сағымбайұлының туған күні. Тірі болса, 80 жылдық мерейтойын тойлаған болар едік. Амал не?! Әкем туралы қалай ой толғасам жарасар екен … Ол қандай тұлға?
Әрине, тұлға көпшілік сүйсініп айтатындай қасиеттерге ие болуы керек. Ол барлық ой-санасының жоғарылығымен, қадір-қасиетінің биіктігімен, ақыл-парасатының тереңдігімен ерекшеленеді. Мен үшін сондай жан – әкем. Бұған біріңіз келісерсіз, біріңіз келіспессіз…
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді халық даналығы. Қыз бала болғаныммен әкеге қарап еліктеп, жақсы қасиеттерін бойыма сіңіруге тырыстым. Ал оның мен еліктейтіндей қандай қасиеттері бар еді? Ол, ең бірінші – шыншылдығы, ала жіпті аттамайтындығы, сырт көзге тәкаппар мінезі бола тұра, қарапайымдылығы, екінші – еңбекқорлығы, өз жұмысына адалдығы, үшінші – балаларының да бойына осы қасиеттерді еге білгендігі.
Анам Шәрипа Темірханқызы екеуі бастарына түскен қаншама ауыртпалыққа мойынсұнып, қиындықтарға кіріптар болып қалған жоқ. Қайта солардың бәріне төзіп, айналасындағыларға да шарапат шуағын шашып келді. Алайда, бүгінде екеуінің де орындары ойсырап тұр.
Балдай тәтті бал кезеңдерді есіме алсам, әкемнің бізге шық жуытпай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, еркін де жігерлі өсуімізге, өзімізге лайықты табыстарға жетуімізге сара жол салғанын сезінемін. Анам екеуінің отбасына қатысты барлық істі бізбен ақылдасып отырып шешуге тырысатыны біздің ой әлеміміздің кеңеюіне үлкен ықпал етті десе болады.
Марқұм әкем бір өлеңінде:
Кейде шалқып кететін
дуанамын,
Жалғандықты шындықтай
құп аламын.
Болмашыға қайғырып,
Болмашыға
Жас сәбидей мәз болып
қуанамын, –
деген екен…
Көңілі баладай, тірлігі данадай болған әкем менің!
Әкемді жақсы білетін азаматтар «Тіл шебері, алдына барған құжат жұмырланып, өңделіп, кескін-келбеті ажарланып шыға келеді. Көркем ой көріктене түседі. Оның қаламынан туған дүниелерді қиюы қабысып, зергердің қолынан шыққан алтын бұйым деуге болады» деп әлі күнге дейін тамсана айтады.
Әкем Кемалбек Сағымбайұлы «Сыр өңірі тарихы» кітабы авторларының бірі. «Түркі дүниесінің кемеңгер ойшылы», «Ұлттық келісім – саяси тұрақтылық негізі», «Қазақстандағы этносаралық қатынастар: проблемалары және тарихи тәжірибе», «Стратегия мақсаты – саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісім», облыс ақын-жазушыларының шығармаларынан жинақталған «Жүректегі жауһарлар», ардагерлердің өсиет сөздерінен құралған «Қарттарым – асыл қазынам» кітаптарын шығарды. «Тәуелсіздік толғауы», «Өнегелі өмір, өшпейтін рух», «Ізгілік ізі» кітаптарының авторы. Қайтыс болғаннан кейін 2011 жылы «Тағылым» атты кітабы жарық көрді. Облыстағы көптеген ақын-жазушылар еңбектерінің жарық көруіне септігін тигізді.
Мемлекеттік қызметте қанша жыл істесе де абыройлы еңбек ете білген, артынан бірде-бір жаман сөз ердірмеген азамат. Атақ-дәреженің соңынан жүгіріп, даңқ қумаған тұлға еді. 2010 жылдың 21 маусымында дүниеден өтті.
Әкем туралы замандастарының жазғанымен бөлісуді жөн көрдім. Бұл азаматтар да бүгінде арамызда жоқ. Бірақ, артында ізгілік іздері, өнегелі істері қалды.
Әлмәмбет Әлішев, жазушы:
– Кемалбек ешкімнің қолдауынсыз, ешкімнің көмегінсіз өзінің маңдай тер, табан етімен, жанкешті бейнетімен, іскерлігімен абыройға жетті. Қай жерде де жұмыстың өрге басуы үшін қажет болды. Мықтылығы да, артықшылығы да осында. Кемалбекті халқына танытқан, көпшілік құрметіне бөлеген – аянбай еткен еңбегі, жансебілдігі дер едім. Адами қасиеттері туралы сөз қозғар болсам, ол қашан көрсең де, бір қалпынан танбайды. Адамдармен қарым-қатынасында барынша сыпайы, биязы, жоғары мәдениетті жан. Көңіл ауанына берілу, біреуге артық сөйлеу, мақтану, күпсіну дегеннен әсте аулақ. Ғайбат сөйлеу, біреуді сыртынан әңгіме қылу сияқты мінез оған жат. Адамгершілікті биік ту етіп ұстаған абзал азамат ешкімнің бетіне жел болып тимеді, үлкенге ізетті іні, кішіге қамқоршы аға атанды. Осындай қасиеттері үшін сыйлаймын. Кейінгі ұрпақтың Кемалбек сияқты бекзаттығы басым, өнегелі азамат болып өсуін қалаймын.
Әскербек Рахымбекұлы, ақын:
– Алматы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысымыз: Кемалбек төрт жылдығында, мен екі жылдығында. Мұндағы дәрісті бізден екі жыл бұрын бастаған ол алғашқы кезеңде жолбасшылық жасағандай: сөзі салмақты, ойы орнықты. Жүріс-тұрысы, табиғаты мынадай маңғаз ортаның ауа райына орайласқандай. Ара-арасында жерлестер бір-бірімізді туған күнмен құттықтап, бас қосып тұрамыз. Сондай-сондайда жасы кіші болса да, Кемалбек бізден озғындап отырады, көрген-білгенін, өмірден түйгенін мұндағы алған білімімен ұштастырып та жібереді. Сонымен сыйлы, беделді болды. Алдымыздағы ақылманымыз секілді, айтқанын екі етпейміз. Бірде, ерте көктемде: – Алдағы жексенбіде тауға барып, серуендеп, дем алып қайтамыз, – деді. «Ол ненің құрметіне?» деймін ғой баяғы. 22 Наурыз – Шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы, соны тауға барып атап өтуді үрдіске айналдырып жүрміз, – дейді Кемалбек жүзі нұрланып, жадырай күліп: – Баруға дайындалыңыз. Ол заманда Наурыз мерекесі тойланбақ түгілі, ауызға да алынбайтын. Ол ескіліктің қалдығы секілдендірілетін, тіпті оны діни дәстүрге апарып қосып қоятындар да табылатын. Кеңестік солақай саясат сондай сипат берген соң, коммунистер, оның мектебінде оқитындар үрке қарайтын. Осындай жағдай, осындай ортада жүріп Кемалбектің Наурызды тауда тойлайық дегені маған ерлік тәрізді, әрі іштей дән риза болған едім.
Абылай Айдосов, профессор:
– Сағымбайұлы Кемалбекті алғашқы рет 1967 жылы Қазалы ауданындағы үлкен мекеме – аудандық автобазада жоғары разрядты автослесарь болып жүргенде кездестірдім. Ол бастауыш комсомол ұйымын басқарады екен. Әсіресе, автокөлік жүргізуші жастарды комсомол қатарына тарту, олардың кешкі мектептегі оқуына жағдай жасау, қоғамдық жұмысқа қатыстыру, спорт секцияларын ұйымдастыру арқылы автобаза ұжымында беделінің жоғары екені байқалды. Аудандық комсомол комитетінің ұсынысымен Кемалбек Сағымбайұлы облыстық комсомол конференциясында пленум мүшесі болып сайланды. Ол өзінің кәсіптік мамандығымен қатар қоғамдық жұмысты жалғастыра білді, әсіресе, жастардың әлеуметтік-мәдени өміріне арналған фотосуреттері, материалдары аудандық және облыстық газеттерде жарияланып тұрды. Біз облыс өміріндегі маңызды шараларды Кемалбекпен бірлесіп жүзеге асырдық…
Ағалар айтқан менің әкем осындай тұлға еді.
Әр күнін әр адымым деп бағалап, адымын анықтап басқан, мемлекеттік қызметте арына кір шалдырмаған асыл әкем, рухыңызбен бізді жебей жүр!
Айгүл САҒЫМБАЙ,
ҚР Мәдениет қайраткері





