Облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті кеңейтілген алқа отырысы өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралып, сәйкесінше, қажетті шешімдер қабылданды.
Бірінші мәселе – «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Ә.Құсайыновтың «Даналық формуласы» атты мақаласы мен «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» құжаты жобасын облыстық ардагерлер кеңесінде жүзеге асыру жоспары туралы болды. Бұл бойынша облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жұмабек Әлиев баяндама жасады.
Баяндаманы талқылау барысында Ы.Жақаев атындағы Күріш ғылыми зерттеу институтының директоры, техника ғылымдарының докторы Сұлтанбек Тәуіпбаев, қаржы саласының ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қамбар Әжібеков және белгілі агроном, «Құрмет» орденінің иегері Құрманбек Бәкіров сөз алып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастар тәрбиесін жетілдіру бағытындағы ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Екінші мәселе – еліміздегі саяси науқан – Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық және ардагерлер қауымының қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуы туралы болды. Бұған байланысты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев хабарлама жасап, ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси бастамаларға аймақ ардагерлерінің белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ жиын барысында құрылыс саласының ардагері Әбдімәжит Әлмағамбетұлы 70 жас мерейтойына орай ардагерлер қозғалысындағы белсенді қызметі үшін «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» медалімен марапатталды. Мерейтой иесіне ұлттық дәстүрге сай шапан жауып, құрмет көрсетілді.
Алқа отырысын қорытындылай келе, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша алқа мүшелері өз пікірлерін білдіріп, қабылданған міндеттерді сапалы әрі нәтижелі жүзеге асыру мақсатында тиісті қаулылар қабылдады. Сонымен қатар, аудандық және қалалық ардагерлер кеңесіне қабылданған құжаттарды кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ сабақтастығын нығайту бағытында жүйелі іс-шаралар ұйымдастыру тапсырылды.
«СБ» ақпарат





