Құрылтай

Бақылау күшейді, жол-көлік оқиғасы азайды

4

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қызылорда облысында жыл басынан бері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар атқарылып, жол-көлік оқиғалары 11,7 пайызға, ал жарақат алғандар саны 17 пайызға төмендеді.

Қызылорда облысының Полиция департаменті жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және тұрғындардың, әсіресе жаяу жүргіншілер мен балалардың қауіпсіздігін күшейту бағытында бірқатар шараларды жүзеге асыруда.

– Жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша 10 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында «Қауіпсіз жол», «Жалған нөмірлер», «Тасымалдаушы», «Автобус» секілді профилактикалық шаралар бар. Бұл жұмыстар барысында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, 10-12 тамыз аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, – деді облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұркен Бақтияров.

Жол қозғалысын бақылауда заманауи технологиялардың маңызы артып келеді. Облыста автокөлік жолдарында құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын 218 құрылғы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Осы құрылғылардың көмегімен есепті кезеңде 90500-ге жуық құқық­бұзушылық анықталған. Ал жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану фактілерінің алдын алу мақсатында Қызылорда қаласының негізгі көшелері мен қиылыстарына 25 «Sunqar» автоматтандырылған құрылғысы орнатылып, іске қосылды.

Сонымен қатар Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым аралықта орналасқан «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалына тиесілі 6 стационарлық бақылау аркасында орташа жылдамдықты өлшейтін құрылғылар іске қосылған. Бұл жүйе жолдағы жылдамдық режимін сақтауға бақылауды күшейтіп, қауіпті учаскелердегі жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.

Автожолдарда өрескел құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары да пайдаланылуда. Атап айтқанда, қарсы бағытқа шығу, маневр жасау ережелерін бұзу және басқа да құқық­бұзушылықтарды анықтауда Полиция департаментінің теңгеріміндегі 4 ұшқышсыз ұшу аппараты, сондай-ақ «Қазақтелеком» мекемесінің қолдауымен берілген 2 дрон қолданысқа енгізілген.

– Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жол инфрақұрылымының жағдайы ерекше маңызға ие. Осы бағытта облыс және қала әкімдігіне жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру бойынша ұсыныстар жолданған. Атап айтқанда, жол белгілері мен жол таңбаларын жаңарту және орнату, бағдаршамдарды ретке келтіру, жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандыру, жасанды жол кедергілерін орнату жұмыстары жүргізілуде, – дейді Нұркен Бақтияров.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында үй жануарларының салдарынан болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу да күн тәртібінен түскен жоқ. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бақташылар санын және үй жануарларын уақытша қамауға арналған орындарды көбейту мәселелері қарастырылуда. Сонымен қатар мал иелерімен кездесу өткізіліп, үй жануарларына жарық белгісін беретін алқалар тағу қажеттігі түсіндірілуде.

Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы бақылауды күшейту мақсатында жолға жақын орналасқан 32 елді мекеннің учаскелік полиция инспекторлары қызметтік автокөліктерімен күн сайын қосымша кезекшілікке тартылған.

Полиция қызметі орын алған қылмыстар мен жол-көлік оқиғаларына тұрақты түрде талдау жүргізіп отырады. Жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін аумақтарда «Біріккен шоғырландыру» жоспарына сәйкес әрекет жасалады.

«СБ» ақпарат