Оңтүстік Кореямен достық қарым-қатынас, стратегиялық серіктестік өңіраралық байланыстарды дамытуға оң әсерін тигізді. Әсіресе, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, озық технологияларды қолданысқа енгізу бағытында нәтижелі жұмыс бар.
Кеше облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен жиында ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Өткен жылы Қызылорда облысы мен Корея Республикасы арасындағы өзара тауар айналымының көлемі 1,2 млн АҚШ долларына жетіп, көрсеткіш артқан.
Мемлекет басшысы елімізде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Оңтүстік Кореяның SeoulTech университетінің Жасанды интеллект мектебі ашылды. Еліміздегі алғашқы жасанды интеллект мектебінде 225 студент білім алуда. Алдағы оқу жылында тағы 128 студент қабылданады. Сонымен қатар, шикізат өндірісін ұлғайту мақсатында кореялық компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Атап айтқанда, витражды терезе өндірісін жолға қою және сауда-логистикалық орталық құру туралы бірқатар ұсыныс қарастырылып жатыр. Аталған жобаларды инвестициялық әлеуеті жоғары Қорқыт ата арнайы экономикалық аймағында орналастыру көзделген.
«СБ» ақпарат





