(білім мен болашақ тоғысқан білім ордасы)
Уақыттың өз өлшемі бар. Бір сәттің өзі тарихқа айналады, ал жылдар тағдырлармен, табыстармен, ізгі істермен өріліп, тұтас дәуірді қалыптастырады. Ширек ғасыр – тарих үшін тым ұзақ мерзім болмауы мүмкін. Бірақ білім ордасы үшін бұл – мыңдаған жастың өміріне бағыт берген, талай арманның қанат қаққан, сансыз жетістіктің бастауы болған тағылымды кезең.
Биыл халықаралық «ORDA» жоғары колледжі өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл – бір оқу орнының ғана емес, білімге адалдықтың, ұстаз еңбегінің, жас ұрпаққа деген сенімнің және қоғам алдындағы жауапкершіліктің мерекесі.
Жиырма бес жыл бұрын білім мен білікті маманға деген сұранысты өтеу мақсатында негізі қаланған оқу орны бүгінде Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім берудің көшбасшы ұйымдарының біріне айналды. Осы уақыт ішінде колледж қабырғасынан 14 мыңнан астам түлек қанат қақты. Олар бүгінде мемлекеттік қызметте, білім беру саласында, құқық қорғау органдарында, өндірісте, ақпараттық технологиялар мен бизнесте табысты еңбек етіп, өз жетістіктері арқылы туған оқу орнының абыройын асқақтатып келеді.
Колледждің қалыптасу жолы оның негізін қалаушы, мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлының есімімен тығыз байланысты. Оның көрегендігі мен білімге деген адалдығы оқу орнының даму бағытын айқындап берді. Білімнің сапасы мен ұлт болашағына қызмет ету идеясы сол күннен бастап колледждің басты ұстанымына айналды.
Жылдар өткен сайын оқу орны заман талабымен бірге жаңарып, жаңа белестерді бағындыра білді. Құқықтанудан басталған білім көшіне педагогика, экономика, құрылыс, инженерия, ақпараттық технологиялар, бағдарламалау, робототехника, жасанды интеллект және цифрлық қауіпсіздік сияқты болашақтың мамандықтары қосылды. Бұл өзгеріс уақыттың талабына ғана емес, ертеңгі күннің сұранысына берілген жауап еді.
Бүгінде колледждің оқу аудиториялары – инновациялық зертханалармен жабдықталған шығармашылық кеңістік. Заманауи технологиялар, тәжірибеге негізделген оқыту жүйесі, қолданбалы білім беру бағдарламалары мен халықаралық стандарттарға сай оқу үдерісі студенттердің кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған.
Алайда колледждің даму тарихындағы ең жарқын беттердің бірі – халықаралық білім кеңістігіне сенімді қадам басуы болды.
Әлемнің жетекші оқу орындарымен орнаған серіктестік жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты. Германияның Senior Experten Service (SES) ұйымымен бірлескен жұмыс нәтижесінде Германия мен Швейцариядан келген сарапшылар колледжде дәріс оқып, оқытушылар халықаралық тәжірибеден өтті. Ақпараттық технологиялар саласындағы үздік тәжірибелер оқу үдерісіне енгізіліп, білім беру мазмұны жаңа деңгейге көтерілді.
Қырғыз Республикасының жетекші білім беру ұйымдарымен қалыптасқан ынтымақтастық та нәтижелі болды. Қырғыз халықаралық универсалды колледжі, ИСИТО колледжі, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті, Қырғыз-Корей колледжі, Қырғыз Комтехно колледжі және Т.Эрматов атындағы музыкалық-педагогикалық институтымен жасалған меморандумдар академиялық ұтқырлықтың жаңа кезеңін бастады. Осы бағдарламалар аясында студенттер халықаралық өндірістік тәжірибеден өтіп, оқытушылар тағылымдамаларға қатысты. Ал шетелдік әріптестер «ORDA» қабырғасында дәріс оқып, тәжірибе алмасты.
2025 жыл халықаралық ынтымақтастықтың жаңа белесіне айналды. Түркияның Сельчук университетімен жасалған келісім кәсіби білім беруді жаңа деңгейге көтерді. Колледж оқытушылары Конья қаласында тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар Eskisehir OSB Mesleki ve Teknik Anadolu Lisesi оқу орнымен қол қойылған меморандум ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүргізуге, оқытушылар мен студенттердің академиялық алмасуына, халықаралық конференциялар ұйымдастыруға және цифрлық білім беру платформаларын дамытуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда түрік мамандары колледжде дәріс оқып, студенттерге түрік тілі мен әдебиетін үйретуде. Ал Сельчук университетінің ғалымдары колледждің «Білім және инновация» ғылыми-педагогикалық журналын халықаралық ғылыми басылым деңгейіне көтеруге қолдау көрсетуде.
Оңтүстік Кореямен қалыптасқан серіктестік колледждің халықаралық беделін жаңа сатыға көтерді. KARIS қауымдастығы мен Global Sapa халықаралық академиясымен жасалған үшжақты келісімнің нәтижесінде қос диплом бағдарламалары, академиялық ұтқырлық, өндірістік тағылымдамалар және халықаралық жазғы мектептер жүзеге асырылуда. Сонымен бірге Baekseok University және Sejong University университеттерімен жасалған ынтымақтастық студенттерге 1+1, 2+1 және 3+1 білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстан мен Кореяда қатар білім алып, екі елдің дипломын иеленуге жол ашты.
Колледждің халықаралық деңгейдегі беделін айқындаған маңызды оқиғаның бірі – Оңтүстік Кореяның ABEEK халықаралық инженерлік аккредиттеу агенттігі арқылы «Ақпараттық қауіпсіздік», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» және «Есептеу техникасы және ақпараттық технологиялар» білім беру бағдарламаларының халықаралық аккредиттеуден сәтті өтуі болды. Бұл – оқу орнының білім сапасы әлемдік талаптарға сәйкес келетінінің жарқын дәлелі.
Сондай-ақ білім беру бағдарламаларының сапасы мен инновациялық бағыттағы жетістіктерінің нәтижесінде оқу орны «Ақпараттық қауіпсіздік», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Есептеу техникасы және ақпараттық технологиялар», «Робототехника және кірістірілген жүйелер», сондай-ақ «Жасанды интеллект» бағыттары бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламаларын жүзеге асыруға лицензия алып, өңірдегі жоғары технологиялық кадрлар даярлауда көшбасшылардың біріне айналып отыр. Бұл жетістіктер білім ордасының цифрлық дәуір талаптарына жауап беретін, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудағы стратегиялық ұстанымын айқын көрсетеді.
Оқу орны студенттердің жетістіктерінен де құралақан емес. Халықаралық табыстар студенттердің жеңістерімен жалғасын тауып келеді. WorldSkills Kazakhstan, DOSTI Skills Aktau, DOSTI Skills Kokshetau және халықаралық DOSTI Skills чемпионаттарында колледж студенттері электроника, мобильді робототехника, желілік әкімшілендіру және прототиптеу бағыттары бойынша бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Олар Қазақстанның ғана емес, колледждің де мерейін үстем етті.
Шығармашылық саласында да «ORDA» жастары өз қолтаңбасын қалыптастыруда. «Тігін өндірісі» мамандығының студенті Жолдасқызы Нұрбақыт халықаралық Turan Fashion Week сән апталығында өз топтамасын ұсынып, жас дизайнер ретінде кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болды.
Халықаралық «ORDA» жоғары колледжі – білімнің ғана емес, жеңістің де ордасы. Оқушылар арасында «Орда – чемпиондар мекені» деген ұран қалыптасқан. Колледж студенттері Азия, Әлем және Қазақстан чемпионаттарында топ жарып, ел мерейін асқақтатып келеді.
Әлем және Азия чемпиондары Әшірбай Досымжан мен Сұлтан Бейбарыс, халықаралық жарыстардың жүлдегері Нұрлыбек Нұрмұхаммед, Қазақстан чемпиондары Орнықбай Нұрасыл, Ержанұлы Диас, Ерсұлтан Ақжан, сондай-ақ халықаралық және республикалық додалардың жеңімпаздары Бибінұр Дербисалиева, Алдан Самат, Болатов Аслан және Әлімова Арайлым – колледждің мақтанышы. Олардың әрбір жеңісі – қажырлы еңбек пен табандылықтың жемісі. Бұл жас спортшылардың жетістігі «ORDA» жоғары колледжінің даңқын асқақтатып, болашақ ұрпаққа жігер мен шабыт сыйлайды.
Бүгінде Халықаралық «ORDA» жоғары колледжі – білім беретін мекеме ғана емес, бұл – ғылым мен тәжірибе тоғысқан, ұлттық құндылық пен халықаралық стандарт үндескен, жас ұрпақтың арманын жүзеге асыратын үлкен білім кеңістігі. Мұнда әрбір студент тек мамандық игеріп қоймай, ол жауапкершілікті, көшбасшылықты, ізденісті және өмір бойы білім алудың құндылығын үйренеді.
Ширек ғасырлық тарих – бұл өткен күндердің шежіресі, бұл – мыңдаған түлектің тағдыры, жүздеген ұстаздың адал еңбегі, ата-аналардың сенімі және қоғамның үміті.
Жиырма бес жыл – биік белес. Ал «ORDA» үшін бұл – жаңа ғасырдың бастауы. Өйткені білімнің шекарасы болмайды. Ал білімге қызмет етуді өмірлік мұрат еткен ұжымның алар асуы әрқашан биік.
Гүлжамила ДОСЖАНОВА,
халықаралық «ORDA» жоғары колледжінің директоры,
педагогика ғылымдарының магистрі





