Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Мәдениеттің өзекті бөлігі – театр. Шынында да театр мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі.
Театр – бар өнердің тоғысқан жері. Онда шығармашылық образдардың шынайы бет-бейнесі бар. Сезім бар, сезіну бар. Бір сөзбен айтқанда, көрермен көңілін күпті еткен өмірлік сұрақтарға шешім табатын жоғарғы интенция.
2024 жылдың басында сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Қызылорда қалалық «Жастар театры» ресми түрде өз жұмысын бастады. «Қызылорда Теміржолшылар клубы» ғимаратына орналасып, дербес шығармашылық ұжым қалыптасты. Бүгінде театр ұжымында елуден аса қызметкер өз жұмысын талап деңгейіне сай атқарып келеді.
Театрдың ресми құрылғанына биыл 2 жыл толып отыр. Алайда айта кетуіміз керек, театр труппасы 2016 жылдан бастап қалалық мәдениет бөлімінің жанында үйірме ретінде жұмыс жасады. Міне сол уақыттан бері осы үйірмеге режиссер, сценарист О.Нұрмаханов жетекшілік жасап келеді. Талантты жастарды тауып, оларды түрлі мерекелік іс-шаралардағы сахналық қойылымдарға тарта отырып, өнерге баулып, қабілетін шыңдауға көңіл бөлді.
Шағын ұжымның үздіксіз ізденісі, талпынысы мен талғам деңгейі өзіндік нәтижесін көрсетті. Айталық, актерлердің шығармашылығы шыңдалып, театр репертуары жаңа деңгейге көтерілгенін байқауға болады.
«Жастар театры» 2024-2026 жылдар аралығында көрермен назарына бірнеше премьералар ұсынды. Жазушы Т.Әбдіктің әңгімесінің желісімен жас драматург Н.Баймаханның инсценировкасы бойынша сахналанған «Оң қол» психологиялық драмасы өте әсерлі қойылымның бірі болды. 2025 жылы халықаралық театр күні мерекесі аясында «Жастар театрының» актері, жас драматург Н.Баймаханның «Сезімді қайтейін…?» атты музыкалық-лирикалық қойылымының премьерасы Б.Ахмедтің режиссерлігімен сахналанды. Музыкалық және поэзиялық диалогтар үйлесімін тапқан, махаббатқа толы қойылым жастар арасында үлкен сұранысқа ие болып, аймақ көлеміндегі бірнеше гастрольдік сапарларда көрермен назарына ұсынылды.
Ақпарат көздерінен белгілі, тұңғыш қазақ театры 1926 жылы Сыр топырағында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылған. Ал араға бір ғасырға жуық уақыт салып, «Жастар театры» «Еңлік-Кебек» трагедиясын жаңа форматта жаңғыртып, кезекті премьера ретінде көрерменге ұсынды. Қойылымға белгілі театр және кино актерлері Ұлан Болатбек және Шағуан Үмбетқалиев арнайы шақыртумен келіп, режиссерлік жасады.
Өткен жылдың қыркүйек айында театр ұжымы ақын, жазушы Толыбай Абылаев пен режиссер, сценарист Оңталап Нұрмаханов екеуі «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?» лирикалық драмамен жаңа маусымды ашқан еді. «Құрыш қазақ» атанған жерлесіміз ақын, жазушы З.Шүкіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған спектакль, тағдырлы ақынның бойындағы талантымен бірге өмірге деген шексіз құштарлық, қайсарлық пен табандылық, сонымен қатар, өшпес сезім – махаббатты сипаттау арқылы адам баласын жан тазалығына жетелейтін қойылым мазмұнының тереңдігімен ерекше болды.
«Жастар театрының» жыл көлемінде сахналаған америкалық жазушы К.Людвигтің «Бикештер» музыкалық комедиясы, өзбек драматургі Еркін Күншуақовтың «Қызыл алма» комедиясының премьерасы, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай театр ұжымы Бауыржанқызы Жансаяның «Қайдасың, мама?!» монодрамасы, кішкентай көрермендер назарына режиссер-сценарист Ұлан Болатбектің «Туған күн» музыкалық балалар қойылымы, режиссері Берік Ахмедтің «Қошқар мен теке» жаңажылдық қойылымы және Антуан Галланның «Аладдин» ертегісінің премьерасы көпшіліктің сұранысына ие болып, аймақтағы бірнеше балабақшаларда және театр сахнасында үздіксіз сахналанып келеді.
«Ұлт тарихын тану – болашаққа бағдар» деп қарасақ, алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбайдың «Жас Алаш. Шындық шырағы» тарихи драмасы театрдың сүйекті, көрерменнің сүйікті қойылымына айналды. Алаш арыстарының ұлтқа қызмет жолындағы ұлы мұрат, асқақ арманын суреттейтін тағылымы мол туынды Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына және Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналды. Қойылымның режиссері Ұлан Болатбек.
Театр ұжымы, әсіресе, енді қалыптасып келе жатқан «Жастар театры» үшін тәжірибе алаңы қажет. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар да жолға қойылған. Арнайы тоқталсақ, «Театр – өмір тынысы» тақырыбында Қызылорда қаласының «Жастар театры» және «Атырау Жастар театры» ұжымы арасында шығармашылық кездесу өтті.
Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, ҚР Халық артисі, профессор Т.Жаманқұлов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда театр труппасына шеберлік сағатын өткізді. Танымал актерлер өнерге құштар жастардың сұрақтарына жауап бере отырып, осы саладағы көп жылдық еңбектері барысында жиған-түйген тәжірибелерін бөлісті.

Жыл көлемінде жас театрдың жетістіктері де жетерлік. Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұйымдастыруымен Түркістан қаласында өткен «Қазақтың Құрманбегі-I» атты республикалық театрлар фестивалінде Қызылорда қаласы «Жастар театры» «Жас Алаш. Шындық шырағы» қойылымын сахналап, театр актрисасы Жанерке Серік «Үміт» жүлдесін жеңіп алды.
Тағы бір айта кетерлік жаңалық, 2024 жылы «Руханият жылы» аясында аймақ басшысының қолдауымен театр балансына екі қызметтік пәтер берілген болатын. Биыл мекеме меншігіне тағы бір үш бөлмелі пәтердің кілті табысталып, өнер өкілдері үшін ерекше қолдау болды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша қала мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесі үшін театр артисі Мұхамедхан Әлиханов «Үздік шығармашыл жас» номинациясымен марапатталса, талантты актриса Тоғжан Аяпова қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығының жеңімпазы атанды.
Атқарылған ауқымды жұмыстар мен тынымсыз еңбектің нәтижесінде «Жастар театры» 2025 жылдың «Үздік ұжым» номинациясын жеңіп алды.
Биыл жыл басында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты трагедиялық жаңа қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Қойылым режиссері Б.Ахмед, театрдың көркемдік жетекшісі – ҚР Жазушылар одағының мүшесі Оңталап Нұрмаханов.

27 наурыз – Халықаралық театр күні мерекесіне орай Қызылорда қалалық «Жастар театрының» біршама актерлері марапатқа ие болды. Серіков Мақсат Берікұлы «Облыстық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының» «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Хұсейін Әмір-Темір Жүсіпұлы атындағы «Үздік режиссер» номинациясымен және сыйақымен «Жастар театрының» режиссері Берік Ахмед Мейірбекұлы, Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Дара» төсбелгісімен «Жастар театрының» актрисасы Әбдірахман Айша Қайратқызы марапатталды. Мұны біздің жас актерлеріміздің еңбектері бағаланып, өз көрермендерінің жоғары бағасын алып, халық қошеметіне бөленгені деп есептейміз.
Жас театрдың шығармашылық жетістіктері мен жоспарлы жұмысы қалалық және облыстық баспасөз беттерінде, жергілікті телеарналарда кеңінен насихатталуда. Сонымен қатар, өнер ұжымы облыстық прокоратурамен бірлесіп «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында бірнеше тақырыптық бейнероликтер жариялап, қоғамдық бастамаға үлес қосты.
Театр алуан өнердің ордасы екенін сөз басында айтып өттік. Олай болса, алуан өнерді бір арнада тоғыстырып, өмірлік құндылықтарды дәріптеуге атсалысып келе жатқан аймақтағы «Жастар театрының» да алар асуы биік екені сөзсіз.
Төремұрат ӘЛЖАН,
қалалық «Жастар театрының» әдебиет бөлімінің меңгерушісі





