Құрылтай

Ізденістен іргелі іске

4

0

Кейде жаңа өмірдің бастауы күтпеген тұстан ашылады. Бірі ұзақ жыл еңбек еткен саласында қалса, енді бірі жинаған тәжірибесін жаңа бағытта сынап көруге бел буады. Қызылордалық Мақсат Таев үшін зейнетке шығу тынығудың емес, жаңа кәсіп бастауға жасалған алғашқы қадам болды. Әскери салада жылдар бойы қызмет еткен ол бүгінде жиырмадан астам адамды жұмыспен қамтып отырған жиһаз өндірісінің иесі.

2020 жылы Қарулы күштер қата­рындағы қызметін аяқтағаннан кейін Мақсат Таев жеке кәсіп ашуды ой­ластырады. Нарықты зерттеп, өңірде қандай өнімге сұраныс барын саралаған ол ағаштан бұйым жасау бағытын таңдайды. Осы мақсатта өңірлік «Ата­мекен» кәсіпкерлер пала­тасында «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша білім алып, бизнес-жоспарын әзірлеп, сәтті қорғайды. Соның нәтижесінде 530 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болады.

– Әскери қызметтен кейін бос отырмай, өзіме де, өзгеге де пайдасы тиетін кәсіппен айна­лысқым келді. Барлығын жан-жақты ойластырып, жергілікті нарықты зерттеген соң жиһаз өндірісін таңдадым. Алғашында грант қаражатына лазерлік станок сатып алуды жоспарлаған едім. Кейін мүмкіндіктерін салыстырып, сандық бағдарламамен бас­қарылатын станок алған тиімді екенін түсіндім. Осылайша жиһаз өндірісіне келдім, – дейді кәсіпкер.

Алғашқы шеберхана үлкен өндіріс орны емес еді. Кәсіпкер уақытша салынған шағын ғимаратта бес-алты адаммен жұмысын бастайды. Алғашқы тапсырыстар орын­далып, тұрақты тұтынушылар қалыптасқан сайын кәсіптің де тынысы кеңейе түсті. Жаңа құрал-жабдықтар сатып алынып, өнім түрлері көбейді, жұмысшылар саны артты.

Кәсіптің қанат жаюына мемлекеттік қолдау айтарлықтай серпін берді. Мақсат кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар аясында «Даму» қоры арқылы бес миллион теңге көлемінде субсидиялық қолдауға ие болды. Кейінгі екі жыл ішінде өндірісті дамытуға бағытталған қаржыландыру көлемі 40 миллион теңгеге жетті. Бұл қаражат жаңа жабдық сатып алуға, өндірістік мүмкіндікті арттыруға және тапсырыс көлемін көбейтуге жұмсалды.

Бүгінде кәсіпорын «Ади Мебель» брендімен жұмыс істейді. Мұнда жиһаздар дайын үлгімен ғана емес, әр тап­сырыс берушінің талғамы мен қажеттілігіне қарай жеке жобамен жасалады. Цехта дизайнерлер, жиһаз құрас­тыратын шеберлер және басқа да мамандар еңбек етеді. Қазір кәсіпорында 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Ізденістен іргелі іске

– Біз үшін өнім шығару ғана емес, оның сапасы мен тұтынушының көңілінен шығуы маңызды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарға жұмыс орнын ашуға тырысып келеміз. Бүгінде жиырмадан астам адам еңбек етеді. Өндіріс көлемін арттырсақ, жұмыс орындарының санын да көбейтеміз. Кәсіптің дамуы өзіңе ғана емес, айналаңа да пайда әкелгенде оның мәні арта түседі, – дейді М.Таев.

Жиһаз өндірісінде сапалы шикізат пен сенімді фурнитура айрықша рөл атқарады. Кәсіпорын негізгі материалдардың бір бөлігін Ресейден жеткізеді. Сонымен қатар Германия, Австрия және Италия өндірісінің жиһазға арналған бөлшектері мен фурнитуралары қолданылады. Заманауи технология мен сапалы материалды үйлестіру кәсіпорынға әртүрлі күрделіліктегі тапсырыстарды орындауға мүмкіндік беріп отыр.

Қызылордада басталған кәсіптің өнімдері қазір өңір шекарасынан асып үлгерген: Шымкент, Алматы және Астана қалаларынан да тапсырыстар түседі. Тапсырыс берушілер кәсіпорын кеңсесінде жиһаз үлгілерімен танысып, қажетті материал мен дизайнды таңдап, болашақ бұйымның жобасын мамандармен бірге әзірлей алады. Яғни әр өнім тапсырыс берушінің талғамы мен үйінің ерекшелігіне қарай жеке жасалады.

– Бастапқы кезде бес-алты адаммен жұмыс істедік. Қазір ұжымымыз толықты. Алдағы мақса­тымыз бұдан да үлкен. Жеке өндірістік ғимарат салып, жаңа технологиялар енгізіп, кәсіпорынды кеңейткіміз келеді. Мүмкіндік болса, 200 адамға дейін тұрақты жұмыс орнын құру жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.

Мақсат Таевтың кәсіпкерлік жолы мемлекеттік қолдау дұрыс бағытта пайдаланылғанда оның нақ­­ты өндіріс пен тұрақты жұмыс орнына айна­ла­тынын көрсетеді. 530 мың теңгелік алғашқы грант­тан басталған іс бірнеше жыл ішінде ондаған адам еңбек ететін кәсіпорынға ұласты. Ал оның артында кәсіпкердің ізденісі, тәуекелі мен еңбегі тұр.

Мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайда­ланып, өз кәсібін өркендетіп отырған азаматтар өңір экономикасының дамуына үлес қосуда. Бір кездері шағын ғана шеберханадан басталған «Ади Мебельдің» бүгінгі тынысы – қолдау мен табандылық қатар жүргенде шағын бастаманың үлкен өндіріске айнала алатынының айқын мысалы.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»