Облыс әкімінің өңдеу өнеркәсібіндегі ірі кәсіпорындар мен инвестициялық жобаларды аралау жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Н.Аманқұл Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында тау-кен металлургиясы, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі және энергетика салаларындағы кәсіпорындардың өндірістік қызметі мен инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды.
Атап айтқанда, «Хонгда Групп» компаниясы қорғасын-мырыш тау-кен байыту комбинатын іске асыруда. Жалпы құны 130 млрд теңгені құрайтын жоба аясында жылына 630-640 мың тонна концентрат өндіру көзделген. Сонымен қатар кейіннен осы шикізат негізінде металлургиялық зауыт салу жоспарлануда.
Құны 47,6 млрд теңгелік «Қызылорда Цемент БК» ЖШС-нің цемент зауыты жобасының өндірістік қуаты жылына 1 млн тоннаны құрайды. Жоба аясында 320 жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Қазіргі уақытта жобалау және инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде.
Тамақ өнеркәсібі бағытында түркиялық «Alpecon» компаниясы томат пастасы жобасын жүзеге асыруда. Жобаның құны 3 млрд теңге.
Сонымен қатар, жақында іске қосылған құс етін өндіру және қайта өңдеу зауытымен танысты. Кәсіпорнында бүгінде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өнім Астана, Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларына жөнелтілуде.
Тау-кен металлургиясы саласында «Шалқия Цинк LTD» АҚ құны 414,7 млрд теңгелік жобасы ерекше маңызға ие. Жоба нәтижесінде жылына 4 млн тонна кен өңдейтін тау-кен байыту комбинатын салу көзделген. Қазіргі таңда шахта құрылысының негізгі жұмыстары аяқталып, кен байыту фабрикасының құрылысына дайындық және инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, минералды ұнтақ, керамзит блоктар, асфальт және темір бетон бұйымдары өндірістерін жұмысы зерделенді.
Сапар қорытындысымен кәсіпорындар көтерген мәселелерді пысықтау, жобаларды белгіленген мерзімде іске асыру және өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану бойынша тиісті тапсырмалар берілді.






