Құрылтай

Жайма базардан – жаңа ғимаратқа

4

0

Фото: Н.НҰРЖАУБАЙ

Қызылорда қаласындағы ашық сауда орындары жыл соңына дейін жаңа орынға көшеді. Қазір шаһардағы базарларда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, «Сыбаға», «Асбол» және «Талғат» базарларының аумағында еңселі сауда орындары бой көтеруде. Біз жұрт арасында «Ескі» және «Жаңа базар» деп аталатын аумақтағы жұмыстарды көзбен көрдік. Базар иелерімен сөйлесіп, кәсіпкерлердің де пікірін аңдаған едік.

Қала әкімдігі берген мәліметке жүгінсек, бүгінде облыста бекітілген жол картасына сәйкес, қала аумағында орналасқан әмбебап сауда базарларын жаңғырту және заманауи сауда форматына көшіру жыл соңына дейін жоспарланған.

– Айталық, «Сұлтан-2» базарының құрылысы биыл ақпан айында толық аяқталып, іске қосылды. Жобаның құны 800 млн теңгеге жуықтайды. Қазір халыққа қызметін ұсынуда. Жалпы базардың төменгі бөлігі көкөністерге, бірінші қабаты азық-түлікке арналса, екінші қабаты киім-кешек және тұрмыстық заттар сататын орындарға бөлінген. Бұған сатушылардың 80 пайызы орналасты, – дейді қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мұхтар Жетілгенов.

Сондай-ақ «Сыбаға» базары бойынша құрылыс жүргізілетін жер учаскесіне орнықтыру актісі алынып, арнайы лабораториялық зерттеу өткен. Қазір құрылыс алаңында іргетас қаланып, төменгі бөлігіне колонналар құйылып жатыр. Құрылысқа қажетті арнайы скважина да қазылып, электр жүйелері тартылған. Мұнда орналасатын ғимарат екі қабаттан тұрады. Жұмысты толық бітіру жыл аяғына белгіленіп отыр.

Ел аузында «Жаңа базар» аталатын аумақтың ашық сауда орындары бұрын қатарласа орналасқан контейнерлерде болды. Енді мұнда екі қабатты, 12 мың шаршы метрлік ғимарат құрылысы басталып кеткен.

– «Жаңа базар» аумағындағы екі жабық сауда орны – «Атамекен» мен «Жаңа базар» ғимараты 2012-2013 жылы пайдалануға берілген. Енді осындағы «Асбол» базарын да жыл соңына дейін аяқтаймыз. Қазір құрылыс тоқтаған жоқ, негізгі қабаттардың колонналары мен ригельдері құйылып, плиталары орналастырылуда. Қосымша кірпіш қалау және газоблок өру басталды. Ал негізгі жобаның құны – 2,8 млрд теңге, – дейді «Асбол» базары директорының орынбасары Абылай Жұматаев.

Оның айтуынша, ашық базардың орны босаған соң түгелдей автотұраққа айналады. Қазір аталған базар басшылығымен 500-ден аса кәсіпкер келісімшартпен жұмыс істейді.

Ал «Ескі базар» аумағындағы «Талғат» ашық базары орнында үш қабатты нысан толық тұрғызылып, ішкі әрлеу жұмыстары басталып кеткен. Ғимараттың сыртқы келбеті де қапталып жатыр. Қазір 800 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Қазан айында аяқталатын құрылыстың негізгі құны – 1,5 млрд теңге. Сауда ғимаратының директоры Алмат Мерековтің үйлестіруімен бұрын осы жерде сауда жасаған кәсіпкерлерге уақытша орын да қарастырылыпты.

– 18 жылдан бері ашық базарда сауда істедім. Қыстың қақаған аязы, жаздың аптап ыстығын мен айтпай-ақ білесіз. Бүгінгі базар иесі бізді уақытша орынға жайғастырып, кәсібімізді тоқтатпауға күш салып отыр. Бұйырса, күзде жаңа ғимарат бітсе, сонда орналасамыз. Кәсіпкерлердің де, келушілердің де жарық, жазда салқын, қыста жылы, бар жағдайы қарастырылған жабық сауда орнында жүргені жақсы емес пе? – дейді кәсіпкер Рая Қуантаева.

Айта кетейік, Үкімет тапсырмасымен Ұлттық даму жоспарына сай 2029 жылға дейінгі заманауи сауда форматының үлесін 70%-ға жеткізу жоспарланған. Қазір Сырдың бас шаһарындағы сауда базарларын жаңғырту аясында 5,8 млрд теңге инвестиция тарту көзделіпті. Жалпы мұндай құрылыс бекітілген Жол картаға сәйкес жүзеге асырыла береді.

Ержан ҚОЖАС,

 «Сыр бойы».