Қаланың шығыс жақ беткейін алып жатқан Тасбөгет кентінде көркейту, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Елді мекендегі ең басты мәселе, қалааралық жолдың және ішкі көшелердің сапасын жақсарту мақсатында өткен жылдан басталған құрылыс жұмыстары қазір аяқталуға таяу.
Тасбөгет елді мекенінің халқы үшін тағы бір айтулы жаңалық, кент оралығынан сәулеті келіскен жаңа мешіт бой көтерді. Имандылық үйінің ашылуына алыс-жақыннан келген меймандар, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ қарапайым тұрғындар жиналды. Әуелі Құран кәрім аяттарын оқумен бастау алған жиын ел ағаларының, қадірлі қонақтардың жақсы тілегімен жалғасты.
Жиынға қатысқан облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов жаңа мешіттің ашылуына құттықтау лебізін жеткізді.
Рухани танымдық бағытта қызмет көрсететін сәулетті нысан салып, қала ішінің көркейіп, абаттануына, сондай-ақ тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға қолдау көрсеткен Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ерәлиевке алғыс білдірді.
Жиынға арнайы шақырылған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы имандылықтың игі шарттары туралы айта келіп, елді біріктіретін елеулі іске бастамашы болған азаматтарға ризашылығын жеткізді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Тұрғанбай Маханов сынды ел ағалары сөз сөйлеп, бата берді. Қазақстанның Еңбек Ері, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Абзал Жұмашұлы жиынға қатысқан ағайынға алғыс білдірді.
Жаңа мешіт ғимаратының жалпы аумағы 946,72 шаршы метр. Құлшылық үйі бір мезетте 700 адамға дейін қабылдай алады. Мешіт құрылысы 2022 жылы жеке кәсіпкер Абзал Ералиевтің демеушілігімен басталған.
Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысында 195 мешіт халыққа қызмет көрсетеді. Оның 24-і облыс орталығында орналасқан. «Ербатыр ата» мешіті – Қызылорда қаласындағы 25-ші құлшылық үйі.
«СБ» ақпарат






