Құрылтай

Еңбек адамына құрмет ерекше

3

0

Қазалы өңірінде ғана емес көрші аудандардағы құрылыс жұмыстарында да қолтаңбасын қалдырып келе жатқан, көптеген көрікті нысандардың бой көтеріп, туған жердің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген құрылыс мекемелерінің қатарында осыдан ширек ғасыр бұрын шаңырақ көтерген «Намыс-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін айтуға болады.

1993 жылы Әйтеке би кентінде өмірге келген Елеубай Ержан Маратұлының 2011 жылы Қазалы көлік-техникалық колледжінен алып шыққан мамандығы теміржол құрамаларына эксплуатациялық-техникалық қызмет көрсету және қосымша электр жабдықтарын жөндейтін слесарь-электрик болса да, 2017 жылдан бері осы «Намыс-Құрылыс» мекемесінде табан аудармай өзі таңдаған құрылыс саласында еңбек етіп келеді екен. Өзі де қолынан іс келетін жігіт еді, таңдаған мамандығы да соған сай келіп, іздегенге сұраған дегендей, құрылыс нысандарының ішкі-сыртқы электр жүйелері, сантехникалық, жылу жүйелерінің нағыз зәру тұстарында керекке жарап жатқаны көңілінен шығып, осы мекемеде тұрақтап қалған. Аудан көлемінде де, өзге өңірлердегі іссапарда да Ержан өзінің бесаспап маман екенін осы жылдар ішінде сеніп тапсырылған шаруаның үдесінен шығып, дәлелдеп үлгерді.

− Құрылыс саласы болғасын, жұмыс талғамаймыз. Іргетас құю, кірпіш, ракушка өру, ағаштан есік-терезе, пластик материалдан есік, терезенің түрлері, жылу жүйелері, брусчатка, кафель төсеу, құрылыс нысанының іші-сыртын, шатырына дейін түгел жабдықтап, дайын күйінде иесіне тапсыру тікелей міндетіміз. Құрылыстағы басты талап – сапа мен мерзім. Мұны мердігер мекемелер қатаң сақтайды. Өйткені қолға алынған жұмыстың ертеңгі нәтижесі халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, сол жұмысты міндетіне алып атқарып шыққан құрылысшылардың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Сондықтан өзімізге сеніп тапсырылған жұмыстың мінсіз орындалуына бар күш-жігерімізді жұмсауға тырысамыз, – дейді жас та болса өз ісін жетік меңгерген Ержан Елеубай.

Құрылыс саласындағы мінсіз қызметі үшін екі мәрте «Намыс-Құрылыс» ЖШС басшысының, екі мәрте Қазалы ауданы әкімінің Алғыс хатын иеленсе, 2025 жылы өңірдің абыройын арттыруға қосқан үлесі үшін Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жолдасы Айсұлу кәсіпкер, ұлы мен қызы мектеп жасында.

Ержан Маратұлы адал еңбегінің нәтижесінде әріптестерінің құрметіне бөленген, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, қандай тапсырма берілсе де аманат деп қабылдайтын, еңбекқор, замандастарына үлгі етуге тұратын азамат.

Әлімжан ҚИЯС.

Қазалы ауданы