Құрылтай

Тазалықтан басталған жаңғыру

5

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы елді мекендерді көркейту мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналды. Бастама аясында атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты көшелер мен аулаларды тазартумен ғана шектелмейді. Оның басты мұраты – қоғамда экологиялық жауапкершілікті орнықтырып, туған жерге жанашырлықпен қарауды әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналдыру. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыс облыста да кеңінен жалғасып, өңірдің келбетімен қатар тұрғындардың тазалыққа деген көзқарасына оң ықпал етіп келеді.

Қазақ халқы тазалықты тәннің ғана емес, жанның да қасиеті деп таныған. «Жаны таза», «ниеті таза», «ары таза» деген тіркестер бұл ұғымның халқымыздың дүниетанымында адамгершілікпен қатар тұрғанын аңғартады. Үйдің табалдырығын таза ұстау, бұлақтың көзін ашу, айналаны күтіп-баптау – атадан балаға жалғасқан тіршілік әдебі әрі туған жерге деген құрметтің көрінісі.

Сондықтан «Таза Қазақстан» бізге жат ұран емес. Ол – ұлттық болмысымызда бұрыннан бар ұқыптылық пен жауапкершілікті жаңғыртып, оны қоғамның ортақ қағидасына айналдыратын бастама. Ағаш еккен қарияның, мектеп маңын тазалаған оқушының, қоқысын белгіленген уақытта шығарған отбасының әрекетінен қаланың мінезі қалыптасады. Техника көшені тазартады, заң тәртіпке шақырады. Ал тазалықты баянды етіп, оны күнделікті өмір салтына айналдыратын негізгі күш – адамның ішкі мәдениеті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаға қатысты пікірі де осы ұлттық түсінікпен сабақтасып жатыр. Мемлекет басшысы: «Таза Қазақстан» – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды. Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады. Бұл – ең алдымен көшелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау деген сөз. «Таза Қазақстан» – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз» деп тазалықтың қоғамдық мәнін айқын түйіндеді.

Сыр еліндегі серпіліс

Облыста Президент бастамасы ауқымды қоғамдық қозғалысқа ұласты. Жыл басынан бері тазалық шараларына 230 мыңнан астам ерікті, қоғам белсендісі, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкері қатысып, елді мекендердің көркеюіне ортақ үлес қосты.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңір аумағынан 5,5 мың тоннадан астам қалдық шығарылып, 500-ден аса саябақ пен сквер, 250-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш, мыңнан астам әлеуметтік нысан және 1200-ден аса кәсіпкерлік пен өндірістік нысан тазартылды. Сонымен қатар 300-ден астам өзен-көл, арық және өзге де су нысаны ретке келтіріліп, 15 мыңнан аса көше бойы мен тұрғын үй ауласы абаттандырылды. Бұл ауқымды жұмыстарға 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылып, өңірдің табиғи жағдайына бейім 88 мыңнан аса көшет егілді. Бұл – құр есеп емес.

Әр санның артында адам еңбегі мен жаңарған орта тұр. Ең бастысы, іске коммуналдық мекемелермен бірге қоғамның түрлі тобы араласты. Соның арқасында «қала – әкімдіктікі» деген түсініктің орнын «қала – бәріміздікі» деген сана қалыптасты. Қызылорда қаласы да кейінгі он жылда едәуір кеңейді. 2016 жылы мұнда тазалық жасалатын 240 көше болса, 2026 жылы олардың саны 830-ға жуықтаған. Қала шекарасы ұлғайған сайын тазалық қызметінің жауапкершілігі де еселенді.

«Қызылорда тазалығы» кәсіпорнының басшысы Сапарғали Асылбековтің айтуынша, маусымдық жұмыстарға 200-ден астам жұмысшы мен 90 арнайы техника жұмылдырылады. Қоқыс таситын көліктер, су себетін машиналар және жол жиегіндегі шаңды соратын техникалар тұрақты жұмыс істейді.

Жаз мезгілінде тазалық қызметкерлері жұмысын таңғы сағат 07.30-да бастайды. Осы уақытта қала көшелері сыпырылып, арықтар тазаланады, арамшөптер шабылып, жол жиектері жуылады. Ағаштар мен бордюрлерді әктеу, көшелерге су себу жұмыстары да күнделікті жоспарға енгізілген. Күннің аптап ыстығына байланысты түскі үзілістен кейін жұмыс қайта жалғасып, кешкі сағат 19.00-ге дейін жүргізіледі. Ал қыс мезгілінде қар тазалау, жолдарға құм-тұз қоспасын себу және көктайғақтың алдын алу шараларына басымдық беріледі.

– Қоқыс шығару әр көшеге арнайы бекітілген кесте бойынша ұйымдастырылады. Көпқабатты тұрғын үйлер контейнерлермен толық қамтылған. Жеке сектор тұрғындарының шамамен 30 пайызы өз қоқыс жәшігін орнатқан, ал қалған тұрғындар тұрмыстық қалдықтарын белгіленген күні шығарып қояды. Толған контейнерлер таңертең және кешкі уақытта тазаланады, – деді кәсіпорын басшысы.

Оның сөзінше, тұрғындардың белгіленген кестені сақтауы коммуналдық қызмет жұмысының сапасына тікелей әсер етеді. Қалдықтың уақытынан бұрын немесе беймезгіл уақытта көше қиылысына шығарылуы сол аумақтың қайта ластануына әкеледі. Ал әр отбасы ортақ тәртіпке жауапкершілікпен қараған жағдайда қоқысты жинау және тасымалдау жұмыстары да жүйелі атқарылады.

Тазалықтан басталған жаңғыру

Белгіленбеген жерлерге қалдық тастайтын азаматтарды анықтау үшін кәсіпорынның мобильді тобы қалалық полиция басқармасымен бірлесіп тұрақты рейд жүргізіп келеді. Былтыр тазалық талаптарын бұзғандарға 1359 айыппұл салынған. Құрылыс қалдықтарын заңсыз төккен тұрғындар мен кәсіпкерлерге әкімшілік шара қолданылып қана қоймай, аумақты өз қаражаты есебінен тазарту міндеті жүктеледі.

– Біздің мақсатымыз айыппұл санын көбейту емес. Ең бастысы – тұрғындардың тазалыққа деген көзқарасын өзгертіп, жауапкершілігін арттыру. Адам ешкім бақылап тұрмаған кезде де қоқысты белгіленбеген жерге тастамауы керек. Қаланың тазалығы коммуналдық мекемеге ғана емес, әрбір тұрғынның мәдениеті мен жанашырлығына байланысты, – деді Сапарғали Асылбеков.

Жастарға сіңген жауапкершілік

Экологиялық мәдениеттің тамыры білім ордаларында қалануға тиіс. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Таза Қазақстан» жастар тәрбиесінің маңызды бағытына айналған. Студенттер құрған «Eco Life» клубы көгалдандыру, тазалық акциялары мен экологиялық ағартушылық жұмыстарын тұрақты ұйымдастырып келеді.

Университет ректоры Наурызбай Байқадамов экологиялық мәдениетті бір реттік шара емес, үздіксіз жүргізілетін тәрбие мен білім беру үдерісі деп бағалайды. Өткен оқу жылында бастамаға студенттердің 70 пайызы және профессор-оқытушылар құрамының барлығы қатысқан.

– «Таза Қазақстан» – қоршаған ортаны көркейтуге бағытталған бір реттік науқан емес, жастардың бойына туған жерге жанашырлық пен қоғамдық жауапкершілікті сіңіретін маңызды тәрбие мектебі. Студент бүгін өз қолымен көшет отырғызып, айналасын таза ұстауға үлес қосса, ертең сол ұстанымды кәсібінде де, отбасында да жалғастырады. Сондықтан экологиялық мәдениет университет қабырғасында дәріспен ғана емес, нақты іспен қалыптасуы керек. Біз жастардың табиғатқа ұқыпты қарауын күнделікті өмір салтына айналдыруды көздейміз, – деді Н. Байқадамов.

Парапауэрлифтингтен Әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Фариза Төлжанның пікірі де осы оймен үндеседі. Спортта биік нәтиже тәртіп, төзім мен күнделікті еңбектің арқасында келсе, тазалық мәдениеті де тұрақты жауапкершілікті талап етеді.

– Президентіміздің «Таза Қазақстан» бастамасын толық қолдаймын. Спортшы ретінде тазалық акцияларына қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесімді қосуға тырысамын. Таза орта – дені сау қоғамның негізі. Әр адам тазалықты өз үйінен, ауласынан бастап, өзгелерге үлгі көрсетуі керек. Жеңіс тек спорт алаңында емес, туған жерге пайдалы іс жасаудан да көрінеді, – дейді Әлем чемпионы.

Оның сөзінде үлкен мән бар. Спорт адамды тәртіпке үйретсе, тазалық сол тәртіпті күнделікті өмірде орнықтырады. Ал елге танымал спортшылардың осындай қоғамдық бастамаларға белсенді араласуы жас буынға әсер етіп, табиғатты аялау мен туған жерді құрметтеудің нақты үлгісін көрсетеді.

Қалдық енді тек қоқыс емес

«Таза Қазақстанның» келесі кезеңі қоқысты полигонға жеткізумен шектелмеуге тиіс. Қалдықты сұрыптап, қайта өңдеп, өндірістік айналымға қайтару – заманауи экологиялық саясаттың басты талабы. Осы бағытта Қызылордада қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Оңтүстік Корея технологиясына негізделген жобаның құны 34,5 миллиард теңге. Алғашқы кезеңде қазіргі полигон жаңғыртылып, жылына 300 мың тонна қалдық сұрыптайтын кешен салу көзделген. Полигонның өткізу қуаты 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артады. Жиналған шыны қалдықтарын өңдеп, жылына 240 миллион дана шыны ыдыс өндіруге арналған жоба да экология мен экономиканы ұштастырмақ. Кеше пайдасыз қоқыс саналған қағаз, пластик пен шыны ертең жаңа өнімнің шикізатына айналады. Бұл табиғатқа түсетін салмақты азайтып, жасыл экономиканы дамытуға жол береді. Бірақ зауытпен бірге тұрмыстық әдет те өзгеруі керек. Қалдықты үйден бастап бөлек жинау мәдениеті орныққанда ғана қайта өңдеу жүйесі толық қуатында жұмыс істейді. Қазір осы бағытта пилоттық жобалар қарастырылуда.

2026 жылы «Шалқар Инновейшн» ақпараттық жүйесін іске қосу жоспарланған. Ол қоқыс жинау бағыттарын GPS арқылы бақылауға, абоненттік база, келісімшарттар мен төлемдерді цифрлық форматта жүргізуге мүмкіндік береді. Арнайы техниканың қозғалысын бақылау жұмыс тиімділігін арттырып, шығынды оңтайландырады.

Сыр өңірінің аптап ыстығы, құрғақ ауасы мен шаңды желі қала экологиясына айрықша талап қояды. Сондықтан Қызылорда аумағында 992 гектар жасыл белдеу қалыптастыру және 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызу жоспарының маңызы ерекше.

Ағаш отырғызу – көшетті жерге қадап кетумен аяқталмайды. Оны суару, күтіп-баптау, жерсіндіру керек. Тұрғын үйінің алдындағы ағашқа жанашырлық танытып, кәсіпкер нысанының маңын көгалдандырғанда, жастар еккен көшетін жылдар бойы бақылағанда ғана қаланың жасыл келбеті орнықты қалыптасады.

Ең үлкен нәтиже – санадағы өзгеріс

«Таза Қазақстанның» ең құнды нәтижесі есеп кестесіндегі көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Оның шынайы жемісі – адамдардың ойлау жүйесі мен күнделікті әдетіндегі өзгеріс. Бұрын «Бұл жерді кім тазалайды?» деген сауал жиі айтылса, бүгінде «Осы аумақтың таза болуына мен қандай үлес қоса аламын?» деген түсінік орныға бастады. Бір аулада қатар еңбек еткен түрлі буын өкілдерін ортақ іс жақындастырып, туған жерге деген жанашырлықты күшейтеді.

Тазалық адамды ұқыптылыққа, ұқыптылық жауапкершілікке, ал жауапкершілік елге деген құрметке бастайды. Өз ауласын таза ұстаған адам көшесіне де бейжай қарамайды. Көшесін қадірлеген тұрғын қаланың ортақ мүлкін қорламайды. Ал туған қаласының келбетіне жанашыр болған азамат елінің ертеңіне де жауапкершілікпен қарайды. Осылайша қарапайым тұрмыстық тәртіп азаматтық мәдениетке, ал азаматтық мәдениет отаншылдыққа ұласады.

Қызылорданың көшесінде еңбек етіп жүрген тазалықшының қолындағы сыпырғыш тек шаңды тазалап жатқан жоқ. Ол қала өміріндегі жаңа тәртіпке жол ашып келеді. Ағаш отырғызған адамның алақанындағы топырақ – болашақ алдындағы жауапкершіліктің белгісі. Қоқысын белгіленген кестеге сай шығарған тұрғынның әрекеті көзге елеусіз көрінгенімен, ортақ мәдениетті қалыптастыратын маңызды үлес.

– Тазалық дегеніміз – ең алдымен, ішкі мәдениеттің өлшемі. Еліміздегі әр азаматтың жаны таза, қолы мен ісі таза болса, шын мәнінде озық ойлы ұлтқа айналамыз, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының бұл пікірі «Таза Қазақстан» бастамасының түпкі мақсатын дәл аңғартады. Өйткені таза қала тек коммуналдық қызметтің күшімен қалыптаспайды. Көшеге шыққан техника мен атқарылған жұмыстың көлемі маңызды болғанымен, тұрақты нәтиже әр тұрғынның өз ауласына, көшесіне және ортақ кеңістікке жауапкершілікпен қарауынан басталады. Осы тұрғыдан алғанда, Сыр өңірінде жүзеге асып жатқан шаралар қаланы көркейтуге ғана емес, қоғамдық тәртіп пен азаматтық сананы орнықтыруға бағытталған.

Бастаманың басты құндылығы да осында. «Таза Қазақстан» белгілі бір мерзімде өткізілетін сенбілік емес, адамның күнделікті әдетіне айналуға тиіс өмірлік ұстаным. Әркім тазалықты өз шаңырағынан бастап, оны ауласына, көшесіне, туған қаласына деген құрметпен жалғастырғанда ғана ортақ мәдениет қалыптасады. Тазалыққа ұқыпты қарау – туған жерге жанашырлықтың, ел болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Осындай түсінік орныққан қоғамның келбеті де көркем, болашағы да баянды болмақ.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»