Құрылтай

Жұмабек жолы…

3

0

(Әріптес туралы эссе)

Өткен шілде айының 11 жұлдызы болатын. Әдеттегідей әлемжеліні ақта­рып отырғанмын. Бір тезде Facebook па­рақ­шасынан Қазалы аудандық әкімді­гінің ардагер журналисі, ақын-жазушы, Қазақстан Журналистер одағы сый­лы­ғының иегері, Ақпарат саласының үз­дігі Жұмабек Табынбаевтың өмірден өткеніне байланысты көңіл айтқан суық хабарды оқығанда қалта телефонымды қыса ұстап, өн-бойымды тоқ ұрғандай отырып қалдым. Өкінбеске шарам жоқ, ол Қазалыдағы ізімді басып келе жатқан өміршең үзеңгілес інілерімнің бірі бо­латын.

Алла өзінің берген өлшеулі жасы­ның шегіне жеткенде жолын қылыштай қиып түсті. Желден жүйрік журналистік тұлпарының жалын құшты. Қорамсақ толы қаламы қолынан сусып түсті. Қазалы аспанындағы ақпараттық әле­мінен бір жұлдыз жарқ ете ағып, өшті. Бұрын Жұмабек бауырыма амандық, денсаулық тілесем, енді «Алла алдынан жарылқасын, жаның жәннатта болсын» деген азалы сөз аузыма орала берді…

Әлгінде айтқан «ізімді басып келе жатқан әріптес інім еді» деген сөзімнің де ізі бар еді. 2004 жылдың сәуір айы­ның соңғы күндері. Менің «Сыр бойы» газетінде Арал, Қазалы аудандары бо­йынша меншікті тілші қызметін атқа­рып жүргеніме 4-5 жыл болып қалған. Облыстық газет болса да, баяғы кеңестік кезеңдегідей баспасөзге деген партия­лық пәрмен жоқ, Шәкіраттай дәурен жоқ. Сондықтан екі ауданның шаруа­шы­лығын шарлау да жылдан-жылға оңай­ға түспей бара жатты. Әсіресе Арал­ға қарағанда Қазалыда науқан көп, бір барсаң бірнеше күн жүріп қайтасың. Мұның да өз қиындығы бар. Бір күні Аралдағы «Толқын» газетінің редак­торы Жұматәлі Әбдіраман өзінің жақын уақытта облыстық телерадио компания­сына ауысатынын айтып, «Толқынға» келетін ойың болса, ертерек қамдан» деді. Бұл газет бұрын жауапты хатшы болып жұмыс істеп кеткен, өскен ортам. Енді өзімнің ыстық ұяма неге басшы болып бармасқа? Аудан әкімі Бақытжан Қодаманов болатын. Осының алдында оның көлемді мақаласын дайындап, «Сыр бойы» газетінде жариялағанмын. Содан бері екеуіміз жақсы қарым-қатынаста болдық. Әуелі Жұматәлі ау­дан әкіміне кіріп өзінің рұқсатын алды. Түстен кейін мен де барып ұсынысымды білдірдім. Әрі «Толқынның» бұрынғы қызметкерімін, әрі облыстық газеттен келіп тұрған соң ба, маған қарсылық біл­дірген жоқ, бірден келісімін берді. 4-5 жылдың арғы жағында зейнеткер­ліктің де төбесі көрініп тұрған маған бұдан әрі меншікті тілші болып екі ауданды аралап, ел шарлап жүргеннен гөрі жұмысқа ертелі-кеш өз босағаңнан аттап барып келгенге не жетсін. Со­нымен «Сыр бойынан» рұқсатымды алуға редакторым Жақсылық Рахматул­лаға жол тарттым. Келдім. Ойымды айттым. Келісті. «Жақсы болған екен» деп сәттілік тіледі. Сөйтті де:

– Саған енді бір тапсырма бар, бұған дейін меншікті тілші Шәкең де, сен де тек Аралдан болып келді. Енді сенің орныңа тілшілікке Қазалыдан болғаны дұрыс. Бізге тек қана мақала жазудан бөлек, газет таралымын ауданда көбей­туге, сондай-ақ редакцияға демеуші бола алатын іскер азаматтарды тарту қолынан келетін журналист керек. Сондай азаматты тап, – деді. Мен ке­лістім. Ойымда екі адам бар. Бірі өзім­нің шәкіртім деуге болады, Раушан­бек Сейтенов, екіншісі жас жігіт Жұмабек Табынбаев. Алдымен Раушанбекке ай­тып едім, тілшілікті қолдағанымен, ұйым­дастыру жағына келгенде «ол қиын­дау екен, қолымнан келе қоймас» деп бас тартты. Ал Жұмабек болса «іс­теп көрейік, бәріміз бір ауданның адам­дарымыз ғой» деп жас тұлпардай ты­пыршып тұрды. Сонымен Жақаңмен ке­лісіп Жұмабек інім «Сыр бойы» газе­тінің Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі болып менің ізімді басты.

Облыстық газетке келіп журналистік алаңы кеңейген Жұмабек еншісі бөлін­беген егіз жандай екі ауданның тағдыры, әлеуметтік ахуалы, өңір өмірінің өзекті мәселелері жайлы төгілте жазды, тол­ғана жазды, тәттілеп талғаммен де жаз­ды. Жазғаны жазғандай жарыққа шы­ғып, айтқаны ақиқат, ойы өзекті болып өз ортасында шабыттың шәрбетін ішіп, бәйге атындай бабына келіп, өзгеден оза шапты. Кең жазықта көсіле шапты. Әдепкіде «Қазыналы Қазалы», «Тұран Қазалы» сияқты аудандық алақандай газеттер адымына аздық етті ме, ай­мақтық басылымға келген соң арқалана, атойлата жазды, аңырата жазды. Мен­шікті тілшілікті еншілегеніне екі жыл өткенде-ақ екі ауданның «Жыл жур­налисі» аталымының үздігі атанды. Қос ауданның бүгіні мен болашағы әркез қанатты қаламының ұшында болды. Жылдан жылға ширығып, болаттай шың­дала түсті. Ертелі-кеш еткен еңбегі еленіп, бір марапаттан соң бір марапатты еншілеп, есімі ел аузында жүрді.

Соның бір айғағы – Жұмабек 2007 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері атанып, жасындай жарқырап шыға келді. Мұнан соң Қа­зақстан Республикасы Ақпарат саласы­ның үздігі, Қазалы ауданының құрметті азаматы атанып, «Қазақстан Тәуелсіз­дігіне – 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Онымен бірге облыстық, аудандық дәрежедегі Құрмет грамо­та­лары, Алғыс хаттары, мерекелік ме­дальдары мен төсбелгілері қаншама. Осының бәрі облыстық «Сыр бойы» газетінің меншікті тілшісі Жұмабектің журналистік жолының жетістіктері, жанкешті еңбегінің жемісі еді. Ол мұ­нымен бірге «Қара кемпір», «Өмір ке­руен», «Мен қайта оралдым» атты кі­тап­тарын жазып, журналистік жолын жазу­шы­лыққа ұластыра білді.

Жұмабектің жолы мұнымен де шек­теліп қалмайды. Ол ақындық жолдың да шаңдағын бұрқыратып, өз соқпағын салған әмбебап азамат. «Ақындар ауыл­да туады» демекші, Жұмабек Табынбаев та Қазалы ауданының Жанқожа батыр атындағы елді мекенде 1962 жылдың 5 қаңтарында дүние есігін ашқан ауыл перзенті. Ол Қызылорда гуманитарлық университетін бітірсе де, еңбек жолын туған ауылында, шаруашылықтың жа­уапты саласында бастап, іскерлігімен көзге түсіп, жастайынан коммунистік партия қатарына енген ауылдың белді бір азаматы болды.

Ауласынан қойдың иісі, ошақта­ры­нан қидың иісі бұрқыраған ауыл өмірі, ондағы ауыл адамдарының қарапайым тіршілігі ақын өлеңінің алтын арқауы еді. Оған «Ауылым деп толғанам» атты өлеңі айқын дәлел.

Ауылым – күннің арайы,

Қырқадан қимай қарайды.

Ауылым қандай керемет,

Сұлулық одан тарайды.

Өрістен қайтқан жамырап,

Қой-ешкі шулап маңырап,

Енесін танып дауысынан,

Қосады үнін қозы-лақ…

Иыққа салып кетпенін,

Көршің тұр айтып өткенін.

Шалғанда көзі әйелін

«Жөн болар, дейді кеткенім»

Қазанға салып жаппайын,

Анашым дейді «ас дайын!»

Арада жылдар өткенмен,

Ұмытқан жоқ таңдайым!

Міне, әлгіде біз айтқан ауыл түтіні,  мал шуы, ауыл адамдарының қарапайым тіршілігі оның өлеңінде осылай сурет­теледі. Әсіресе әңгімешіл бақшашы шал, ошақ басында нан жауып жатқан ана­сының күйбең қимылы, бәрі-бәрі кино­лентасындай көз алдыңнан өтіп жатады.

Жұмабек осылай жазады да, ауыл адамдарының асыл қасиеттерін мына бір өлеңмен түйіндеп тастайды.

Жүргенмен болып қалалық,

Ауылым қымбат, маған ұқ.

Пейілі дарқан даладай,

Адамы жайсаң, сөзі нық.

Ауылда бәрі туысқан,

Сырыңды сенің ұғысқан.

Бөлінбей мәңгі еншісі,

Ас ішкен бірге ыдыстан… –

дей келіп ата-ананың, бауырдың, аға­ның, жеңгенің, дос-құрдастың әдемі, әдеп­ті бейнесін түсінікті тіл, сұлу сөз­бен әсем суреттейді. Әсіресе бір табақ­тан, бір қасықпен бір үйлі жанның бір адамдай бауырласып ас ішкен атам қа­зақтың тек өзіне тән қасиетін бір шумақ өлеңмен-ақ бейнелеуін ақын шеберлігі дерсің.

Жұмабек өлеңдерінің өміршеңд­і­гі­нің бір айғағы – оның сөзіне жазыл­ған са­згерлердің «Қос бабам», «Ерлік­тің қос шынары», «Жанқожа баба», «Же­ңім­­паздар», «Ауылым – әнім», «Ана­шым», «Аралдағы ару қыз», «Ақ көй­лек­ті ару қыз», «Биле, биле», «Қа­рын­­да­­сым-қар­­лы­ға­шым» әндері сах­на сәнін келті­ріп аудан, облыс, рес­пуб­­лика көлемінде де орындалып, көрер­мен  көңілінен жылы орын алуы. Осы ән­дер­дің ішінде Жұ­мабектің сөзіне жазылған «Қос бабам» әнінің рес­публикалық «Музыка әле­мінде» шығар­машылық бірлестігінің ұйға­рымымен республикалық балалар әндер қорына енгізіліп, аталған бірлес­тіктің Алғыс хатымен марапатталуы да көңілге мақ­таныш сезімін ұялататыны анық.

Бойынан бекзаттық, тілінен сүлей сөз, ойынан өлең төгілген аяулы ауыл перзенті аяусыз ауру меңдеген талайлы тағдырымен талай тайталасқанымен тұқырта алмады, қармасқан қолы, табан тіреген аяғы да талды, Алла алдында әлсіз екенін ақыры мойындап, асыл жары Аманкүлін, екеуі өбектеп өсірген төрт перзенті мен мен тоғыз немересін артына қалдырып, мұнан 64 жыл бұрын ашқан жарық дүние есігін тарс жауып, мәңгілік мекеніне кете барды. Осылай жазушы, журналист Жұмабектің өмір жолы, сындарлы сапары аяқталған сияқ­ты еді. Жоқ, олай болмады.

Жаны жайсаң Жұмабек өмірден бос­қа кеткен жоқ. Ол ұлдарын дәл өзін­дей жастайынан спортқа салып болаттай шыңдады, өмірге қырандай баптады, толысқан шағында томағасын сыпырды. Ұшырды. Бабына келген бала қырандар «ап» дегеннен аспанға атылып, қияға қанат қақты. Баһадүр бапкеріндей ұл­дары спорт сайысында саңлақ, ақындар аламанында жүлдегер атанып, шығар­машылықта шығандап шыңғы шыға келді. Осылайша Жұмабектің перзентте­рінің бірқатары мемлекеттік қызметте танылса, бірі Қазалы үнпарағының тұтқасын ұстап, аудан айнасының бе­тіне шаң жуытпай, кір шалдырмай, мұнтаздай мінсіз, таза алып келеді.

Кеше ғана қолынан сусып түскен әке қаламын қара жерге түсірмей қағып алған Есет енді тоқтап қалған Жұмабек жолын өз қалауы, өз таңдауымен одан әрі жалғастыруға бекінгендей. Өйткені Жұмабек жолы жарқын жол, халық көз тіккен киелі жол.

Жұмабек аяулыма Алладан иман тілеймін.

Жұмабай ЖАҚЫП,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі