Құрылтай

Той туралы әңгіме толастар емес

5

0

Фото: ЖИ

Халқымыз табиғатынан той-думанға жақын. Жақсылықты жар салып жариялап, алыс-жақынға ат шаптырып, көкпар тартқызып, бас-басына бәйге беретін кеңпейілділік қанымызда бар қасиет. Тіпті халқы қадірлеген тұлғалар өмірден өткеннен кейін де еске алып, көпшілік алдында кәделеп ас-той беріліп жатады. Әлбетте, ұлтты ұйыстырып, ұрпақты сабақтастыратын мұндай тойлардың өткені қоғамға сын бола қоймас.

Көптің талқысына түсіп, көңілді алаңдатып тұрған басқа жағдай. Айталық, қазір тойдың түрі көп. Сол себепті, той өткізетіндер тойханаларға бірнеше ай бұрын тапсырыс беріп қояды. Әлгі ел аузында жүрген өлең шумағында айтылғандай, шілдехана, бесіктой, тұсаукесер, сүндеттой, бәрі де қазір тойханаларда өтетін болған. Тереңірек ойлансақ, сәбилердің, балдырғандардың тойы даңғаза, у-шудан аулақ, шаңырақта өткені дұрыс болар еді деген ой көкейде тұрады.

Енді айтпағымыз, осы тойлардың бәрі асабасыз өтпейді. Бүгінде олардың төменгі бағасы – 400-500 мың теңге көлемінде бол­са, әрі қарай 4-5 млн-нан асып кетеді. (Тойхананы жалдау құны өз алдына.) Аса­балардың ішінде атағы аспандап, әжеп­тәуір жұлдызға айналып кеткендері бар. Оны қызмет көрсету құнынан білуге бо­лады. Жарайды, сон­дай қымбат бағаға ха­лық шақырып отыр­са, демек қызметі со­ған лайық бо­лар дейсің. Иә, той тізгінін ұс­таған асаба ән-жыр, әзіл-қалжыңмен әс­пет­тей тұ­рып, той иесінің мерейін өсіріп, жан-жақтан жиылған көпшіліктің де кө­ңілін таба білуі керек. Десек те даңғаза, да­рақылықтан аулақ болса дейміз. Тойдың жүргізілу тәртібін той егесімен алдын ала келісіп, алыс-жақын ағайынның басын қосқан жиынды арзан шоуға ай­нал­дыр­мауы керек.

Тағы бір мәселе бар, «авторлық құ­қық» деген, талай жерде айтылып жүрсе де нақ­ты жауабы жоқ. Мысалы, тойларда өлең оқылып, ән орындалады. Ал оның автор­лары бұдан бейхабар. Асаба тек орын­дау­шының қызметімен ғана есеп­теседі. Ал тәртібінде авторларға шы­ғармасының әр­бір орындалғаны үшін ақы төленуі тиіс. Бұған байланысты «Ав­торлық құқық және сабақтас құ­қықтар туралы» ҚР заңы бар екені еш­кімді ойландырмайтын сияқты.

Әлеуметтік желі бетінен кейбір той­лар­дағы әдепсіз әзілдер, оспадарсыз ойын­дарды көріп жағамызды ұстай­ты­нымыз жасырын емес. Тіпті кейде тым асыра сіл­теп, адамдардың ар-намысына тиіп жатқан жағдайлар да көзге ұшы­расады. Міне, осы­ның бәрі тойды бас­қарған асабаның ой-өресінің деңгейін көрсетеді. Иә, «адам тойға демалу үшін барады ғой» деуіңіз мүм­кін. Бірақ де­малудың да мәдениеті бар.

Асабаның бәрін жаман деуден аулақ­пыз. Мәселен, жасандылықтан, жаттан­ды сөзден аулақ, көкірек көзі ашық, ескі де есті сөздерді жаңғыртып, қазақтың қара домбырасымен жыр-термелер орын­дап, жұртты аузына қаратып жүр­ген жігіттердің қызметі қашан да лайықты бағасын алары сөзсіз. Осындай асабалардың бірі, орта жастағы азамат (есімін атамауды өтінді) шындығында, қазіргі тойлардың жеңіл-желпі шоуға айналып бара жатқанын айтты.

– Ойлап қарасаң, ол тойда үлкен де, кіші де бар. Соған қарамастан, кей аса­балар беталды сөйлеп, бейәдеп ойындар ойнатып жатады. Мысалы, жасы үлкен адамды жастармен жарыстыру, сондай-ақ, бір үй­дің отағасы мен екінші бір үйдің келіншегін қосарлап ойынға тар­ту, әсіресе, қыз ба­лаларды көп алдында ұялтып-қызарту әдеп­ке сай келмейді. Өйткені отбасы деген өзінше бір құ­рылым, оған құрметпен қарау керек.

Бұрын біздің жас күнімізде жаңа түскен келіннің беташары шаңырақта болатын. Жастар тойы деген бөлек өту­ші еді. Өз басым сол дұрыс деп ой­лаймын, – деді ол. Ал «Асабалар тапқан табысынан салық тө­леуі керек пе?» деген сауалымызға: «Егер айына (кү­ніне) миллиондап тауып жатса, әрине, төлеуі керек» дейді.

Бұл жердегі айтпағымыз, асаба өз мін­детіне алған той туралы ал­дын ала ізденуі керек. Ол елдің (рудың) үлкені кім, жақ­сысы мен жайсаңы кім, елге еңбегі сіңген, жастардың алдында үлгі тұтар азаматтары бар ма, соның бә­рін қаперіне алса, артық болмас еді. Сон­­дай-ақ салт-дәстүр, әдет-ғұр­пы­мыз­ға сай іс-әрекеттерге көбірек мән бе­рілсе, қателіктерден аулақ болар едік. Бір сөзбен айтқанда, асабаға да ар­найы жауапкершілік міндеттелуі қажет, әйт­песе, әлгіндей  келеңсіздіктер жал­ғаса береді. Мысалы, жуырда ғана бір тойда көпке танымал асаба орынсыз сөйлеп, опық жеп қалды. Тағы бір кісі той үс­тінде тілек айтқалы шығып, діни ұста­нымда уағыз айтып, көптің құқығын шек­темек болды. Әлеуметтік желі оқыр­мандары да бұл жайттарға бей-жай қа­рамай, сынға ал­ды. Артынша құқық қор­ғау саласы жа­уап­кершілікке тартты.

Осы орайда ардагер, қоғам қайрат­кері, «Ұрпақтан – ұрпаққа» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Сайлаубай Әбіш­ев аға­мыздың пікірін сұрағаны­мызда,  шынды­ғында, қазір той мәдениетінің төмендеп бара жатқанын жасырмады.

– Менің көз алдымда, бұдан жиырма  жеті  жыл бұрын, 1998 жылдың  30 жел­тоқ­сан күні облыс әкімшілігінде (қазіргі қа­лалық мәслихаттың үлкен залы)  мә­дениет қызметкерлерінің басын қосып, сол  кез­дегі  облыс әкімінің (Сапарбаев Бердібек Машбекұлының) бастамашы­лығымен мә­дениет саласы қызметкер­лерінің басын қосып, ой бөлісіп, ортақ пікірге келіп, бел­гілі бір тұжырым жа­сайтын облыстық форумға жиналғанбыз.

Бұл уақыт шындығында жаңа жыл қар­саңында, жаңа ғасыр баспалдағының көк­жиегінде тұрған кезіміз еді. Біз осы қай деңгейдеміз, қоғамдық өмірдің тек жай ғана ағысымен сырғып барамыз ба, әлде, халқымыздың ғасырлар бойғы қа­нына сіңген ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, ғаламдық өркениет көшіне іле­суге бет алдық па? Жалпы мәдениет ұғымы қалай еді, оны қазір қалай түсініп жүрміз? Міне, осындай мәселеге назар аударып, терең талқылай келе, қоры­тындысында мәдениет тек сахнада емес, күнделікті тіршілікте кө­рініс табуы керек екенін бағамдаған едік.

Мәселен, қазір де елімізде той өткізу мәдениетіне байланысты көңілді алаң­да­тарлық жайттар бар екенін жасыра алмай­мыз. Облыстың бас газеті де бұл мәселені бекерден-бекер көтеріп отыр­маса керек. Өйткені әлеуметтік желіде тойға қатысты әңгіме толастамай тұр. Бұл ретте той тіз­гінін ұстаған асаба не­месе жүргізушінің жауапкершілігі ма­ңызды. Сондықтан олар­дың жеңіл-желпі, мән-мағынасыз мәті­­нін, тәлім-тәрбиеге қайшы келетін қан­­дай да бір әрекетін той алаңына бақы­лау­сыз жі­беруге болмайды. Мұны той өткізу­ші та­рап әрдайым терең ойлануы тиіс. Себебі, өткізіліп жатқан мәдени ша­ралар секілді, той да тек қана қонақ қабылдаушы жақтың жеке шаруасы емес, халқымыздың әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрінің сабақтастығын жас ұр­пақтың санасына сіңіруге ықпал еткені жөн. Өйт­кені бүгінде тойдағы түрлі келеңсіз­діктер әлеуметтік желі арқылы әп-сәтте әлемге тарайды. Демек, той өткізуде бірыңғай талаптың болғаны қажет секілді. Көпшілік тарапынан да айтар ой көп, ұсыныс-тілек­тер де аз болмаса керек,– дейді ардагер ағамыз.

Тойхана егелерінің де пікірін тыңдап көрдік. Олардың айтуынша, еліміздің бас­қа өңірлерімен салыстырғанда, Қы­зыл­орда қаласында той өткізу құны бір­шама арзанға түседі екен. Ал той өт­кізушілердің сөзіне сүйенсек, отбасы қазынасынан шық­қан қаражат тойға келушілер арқылы өзін-өзі өтесе, яғни, тойхананың құнын жапса, сол да көңілге медет. Қалай десек те, қазір  тойдың бәсекесі бірте-бірте сая­быр­лай бастаған сыңайлы. Өйткені жағ­дайы бар отба­сылар болмаса, жалпы көп­шіліктің қал­тасы көтермейді. Атам қазақ айтқандай, «көрпеге қарай көсілетін за­ман». Оның үстіне, қазіргі жастар да аста-төк той жа­сауға аса құштар емес, есесіне, бас­пана үшін бастапқы қаражат салу не­месе қажетті дүниелер алу, сондай-ақ, шетелдерге қыдыруды құп көреді. Бұл өте орынды шешім екенін айтуымыз керек. Та­ғы да әлеуметтік желіні алға тартайық, жуырда «екі жүз мың теңгенің айнала­сын­дағы қаржыға өтті» деген жастар тойы көп­тің назарын аударды. Демек қазіргі қо­ғам талабына сай той өткізудің форматы өзгеретіні даусыз.

Иә, тереңірек ойлансақ, той – хал­қы­мыз­дың дәстүрлі құндылығы. Көнеден келе жатқан ізгі жолы бар. Десек те, уақыт өз­ге­рістерге әкеледі. Талап та, талғам да ауы­суы заңдылық. Сондықтан бүгінгі за­ман­ға сай тойдың мәдениетін қалыптастыру қа­жеттігі туындап отыр­ғаны рас. Мысалы, көршілес өзбек, қыр­ғыз елдерінде той өт­кізудің арнайы ережесі қабылданды. Біздің елде де бұл мәселе қазір қоғамның қызу талқысында тұр. Әсіресе, асабалардың қыз­метіне наразылық көп.

Жоғарыда айтып өттік, асабалар қыз­меті арзан емес. Сондай-ақ олар айы­на бір емес, бірнеше той өткізеді. Осы тұрғыда көпшіліктің «асабалар да тапқан табы­сынан салық төлеуі керек» деген талабы қисынға келетін сияқты. Сонда жауап­кершілік те өз-өзінен ор­нығар, бәлкім… 

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»