Жаңақорған кентінен 17 шақырым жерде орналасқан «СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылы зауыты «Хорасан-1» және «Хорасан-2» уран кеніштерін стратегиялық маңызы бар өніммен қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның осы аумақта салынуы да кеніштердің жақын орналасуымен байланысты. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұйымдастырған баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері зауыттың өндірістік желісімен, орталық басқару бөлмесімен, сынақ зертханасы және қауіпсіздік шараларымен танысты.
Өндіріс аумағына кіру қауіпсіздік нұсқамасынан басталды. Мамандар белгіленген бағыттан шықпау, топтан бөлінбеу, қорғаныш құралдарын шешпеу және дабыл кезінде әрекет ету тәртібін түсіндірді. БАҚ өкілдеріне арнайы жұмыс киімі, каска, көзілдірік, бетперде, қорғаныш қалқаны мен қолғап берілді. Қауіпті химиялық өндірістегі әр талаптың артында адам өмірі мен денсаулығы тұрғаны зауыт табалдырығынан-ақ байқалды.
Серіктестік 2007 жылы құрылып, зауыт құрылысы 2010 жылы басталған. Алғашқы өнім 2012 жылы алынса, 2013 жылдан өнеркәсіптік өндіріс толық жолға қойылды. Кәсіпорын тәулігіне 1500 тонна, жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы. Кей жылдары өнім көлемі 510-520 мың тоннаға дейін жеткен. Атырау өңірінен теміржолмен жеткізілетін түйіршікті күкірт негізгі шикізат саналады. Зауыт жылына 160 мың тоннаға дейін күкірт өңдейді.
Жобаны «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, жапониялық SAP-Japan Corporation және UrAsia London Limited компаниялары жүзеге асырған. Инжиниринг қызметі мен негізгі жабдықтарды итальяндық BALLESTRA жеткізді. Энергетикалық кешенде General Electric компаниясының бу турбогенераторы, Termodyn турбинасы мен Brush генераторы қолданылады. Күкірт қышқылын алу MECS (Monsanto) лицензиясы бойынша қосарлы конверсия және қосарлы абсорбция технологиясына негізделген. Мұндай жүйе шикізатты барынша толық өңдеп, өндірістік шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді.
– Түйіршікті күкіртті алдымен 135 градус температурада балқытып, сүзгілеуден өткіземіз. Сұйық күйге келген шикізат арнайы пеште жағылады, онда температура 1000 градусқа дейін көтеріледі. Одан бөлінген газ жылуды қайта пайдаланатын қазандық арқылы 400 градусқа дейін салқындатылады. Күкірт диоксиді ванадий катализаторының көмегімен күкірт триоксидіне айналып, абсорбция бағандарынан өткен соң күкірт қышқылы алынады. Өндіріс кезінде бөлінген жылуды буға айналдырып, электр энергиясын өндіреміз. Оның 5-6 мегаваты зауыттың өз қажеттілігіне жұмсалса, сыртқы желіге 10-11 мегаватқа дейін беруге мүмкіндік бар. Дайын өнім «Хорасан-1», «Хорасан-2» кеніштері мен Шиелі өңіріндегі уран өндіруші кәсіпорындарға жөнелтіледі, – деді күкірт қышқылы зауытының директоры Сәбит Дауылбаев.
Қоймада үйіліп жатқан сап-сары күкірт бірнеше технологиялық кезеңнен кейін түссіз сұйықтыққа айналады. Дайын қышқылдың бастапқы концентрациясы 98,5 пайыздан асады. Кейін көрсеткіш тұтынушы талабына сай төмендетіліп, өнім арнайы теміржол цистерналарына құйылады. Күкірт қышқылы кен құрамындағы уранды ерітіндіге өткізуге көмектеседі. Уран сіңген сұйықтық екінші ұңғымамен жер бетіне шығарылып, әрі қарай өңдеуге жіберіледі.
Өндірістік үдеріс толық автоматтандырылған. Орталық басқару бөлмесіндегі операторлар температура, қысым, газ қозғалысы мен жабдықтардың жұмысын тәулік бойы бақылап отырады. Көрсеткіш белгіленген мөлшерден ауытқыса, мамандар тиісті шара қабылдайды. Сынақ зертханасында түйіршікті күкірттен бастап дайын қышқылға, технологиялық су мен мұржадан шығатын газға дейін тексеріледі. Зертхана 2012 жылдан бері аккредиттелген, мұнда 11 маман вахталық әдіспен еңбек етеді.
Қауіпті химиялық өндірісте адам қауіпсіздігіне қатаң талап қойылады. Қызметкерлер әр ауысым алдында автоматтандырылған медициналық тексеруден өтеді. Олар алғашқы көмек көрсетуге және автоматты сыртқы дефибрилляторды қолданады. Медициналық қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. 2026 жылғы 31 шілдедегі мәлімет бойынша серіктестікте 276 адам еңбек етеді, соның 259-ы күкірт қышқылы зауытында жұмыс істейді. Қызметкерлердің 83 пайыздан астамы Жаңақорған ауданы мен Қызылорда облысының тұрғындары.
Экологиялық жағдай да тұрақты бақылауда. Тәуелсіз мамандар тоқсан сайын зауыт аумағы мен көршілес Кейден ауылындағы ауа, су және топырақтан сынама алады. Өндірістің жалпы тиімділігі 99,7, абсорбция кезеңіндегі көрсеткіш 99,9 пайызға жуықтайды. Автоматтандырылған мониторинг жүйесі шығарындыларды күндіз-түні бақылап, мәліметті Экология департаменті мен тиісті комитетке онлайн жолдайды. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, осы күнге дейін белгіленген нормадан асқан жағдай тіркелмеген.
Кәсіпорын өндіріс орналасқан аумақтағы әлеуметтік бастамаларға да қолдау көрсетіп келеді. Кейден ауылында жыл сайын 1200-ден астам көшет отырғызылады. 2024 жылы ауыл тұрғындары балаларға арналған күрес залын салып беру жөнінде өтініш білдірген. Ұсыныс акционерлер тарапынан қолдау тауып, келесі жылы жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Бұрын пеш жағылатын ескі ғимаратта жаттыққан балалар қазір газ бен электр желісі тартылған, жуынатын орны және жаттықтырушылар бөлмесі бар залда дайындалады. «СКЗ-U» ЖШС «Парыз» байқауында облыстық және республикалық кезеңде бірінші орын алған.
Атыраудан жеткізілген күкірттің Сыр өңірінде қышқылға айналып, уран өндірісіне жұмсалуы бірнеше саланы бір тізбекке біріктіріп отыр. Оның артында автоматтандырылған технология, зертханалық дәлдік, қатаң қауіпсіздік пен жүздеген адамның еңбегі бар.
Е.ДӘУІР





