Басқарма басшысы Талғат Тұрсынұлы Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барып, шаруашылық құрылымдарының басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты», «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламаларының мүмкіндіктері, жеңілдетілген несие алу тәртібі мен тиімділіктері туралы ақпарат берілді.
Сапар аясында «Ақтөбе и К» серіктестігінің күріш, соя және жүгері дақылдары егілген алқаптарын аралады. Шаруашылық биыл 1182 гектарға күріш еккен болса, әртараптандыру бағытында 160 гектар жерге жүгері, 140 гектарға соя, 595 гектар жоңышқа дақылдарын еккен.
Бүгінде егіс алқаптарының жағдайы жақсы, дақылдардың шығымы көңіл көншітерлік. Шаруашылық ұжымы барлық агротехникалық шараларды талапқа сай жүргізіп, биыл мол өнім алуға ниетті.
Одан әрі, «Достық Жер МК» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралады. Серіктестік биыл 400 гектар жерге күріш, 100 гектарға мақсары, 10 гектарға бақша өнімдері және 200 гектар жерге мал азықтық дақылдарын орналастырған.
Басқарма басшысы күріш алқаптарының жай-күйімен танысып, алдағы егін жинау науқанына дайындық барысын пысықтады. Шаруашылық басшылығына орақ науқанын уақытылы әрі сапалы жүргізу, техникалардың дайындығын қамтамасыз ету және өнімді ысырапсыз жинап алу мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.






