18 тамыз – Отан шебін күзетіп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген шекарашылардың кәсіби мерекесі. Бұл бағытта қызмет етіп жүрген шекарашылар ел тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауға өз үлестерін қосып келеді. Айтулы мереке қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Застава тарландары» РҚБ-і Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Асан Худояров шекара қызметінің маңызы мен сала ардагерлерінің еңбегі туралы айтып өтті.
Оның айтуынша, шекара қызметі – жоғары жауапкершілікті, қырағылықты және Отанға деген шынайы адалдықты талап ететін абыройлы міндет. Ел шебін қорғаған азаматтардың ерлігі мен табандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі.
– Қазіргі таңда шекара қызметінің жұмысына қызығушылық танытатын оқушыларға арналған 10 үйірме тұрақты түрде жұмыс атқаруда. Аталған үйірмелер Шиелі, Қуаңдария және Байқоңыр шекара бөлімдерінің офицерлерімен бірлесіп ұйымдастырылып, оқушыларға шекара қызметінің ерекшеліктері мен негізгі бағыттары туралы жан-жақты түсінік беруге бағытталған. Сонымен қатар, қала аумағындағы мектептерде Департаменттің офицерлері арнайы сабақтар мен практикалық кездесулер өткізіп келеді. Сабақ барысында оқушыларға шекараны қорғау, із кесу және іздерді анықтау, кинология, қызметтік иттерді пайдалану, шекара қызметінің тактикасы және басқа да арнайы бағыттар бойынша теориялық және практикалық ақпараттар беріледі. Үйірмелердің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді, тәртіптілік пен жауапкершілікті қалыптастыру, сондай-ақ оларды әскери қызметке және шекарашы мамандығына бағыттау. Оқушылар шекара қызметінің күнделікті жұмысымен танысып, офицерлерден тікелей тәжірибелік білім алады. Бүгінгі таңда аталған үйірмелерге 200-ге жуық оқушы тіркеліп, тұрақты түрде қатысып келеді. Бұл жұмыстар жастардың әскери-патриоттық бағытта тәрбиеленуіне және болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауға оң ықпал етуде, – деді Асан Беркімбекұлы.
Спикердің айтуынша, үйірмелерге белсенді қатысатын, оқу үлгерімі мен тәртібі жақсы, әскери қызметке қызығушылығы жоғары оқушылардың алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік академиясына оқуға түсуіне үлкен мүмкіндік бар. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар жас ұрпақтың бойында ел қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті арттырып, болашақта білікті әрі кәсіби шекара қызметкерлерін даярлауға өз үлесін қосады.





