Құрылтай

Ауданда жаңа оқу жылына дайындық мәселесі пысықталды

4

0

Фото: Арал ауданы әкімдігі

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтіп, жаңа оқу жылына дайындық барысы, білім беру нысандарының жағдайы және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.

Білім беру, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қашанда өзекті әрі маңызды мәселе. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова баяндама жасады.

Ауданда білім саласында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы 5 мектеп пайдалануға берілсе, биыл №220 және Сапақ елді мекеніндегі №69 мектептердің құрылысын бастау жоспарлануда. Сонымен қатар Арал қаласындағы 450 орындық №13 мектептің құрылысына қатысты жұмыстар зерделенуде.

Білім беру ұйымдарын оқулықтармен, оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету, мұқтаж отбасылардың балаларына әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары жаңа оқу жылына дейін толық аяқталуы қажет екендігін айқан аудан басшысы саладағы басқа да мәселелерге назар аударды.

Мектептердің жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау, спорт алаңдарын қалпына келтіру, бейнебақылау жүйелерін жетілдіру, мектеп маңындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де жиында назардан тыс қалған жоқ.

Сонымен қатар білім беру нысандарының өрт қауіпсіздігіне, тамақтану сапасына және жылу беру маусымына дайындығына қатысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырма берді.

Мәжіліс барысында түнгі рейд жұмыстарының тұрақты әрі жан-жақты жүргізілуі де сөз болды. Бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де немқұрайлы жүргізіліп келе жатқанын айтқан аудан басшысы қоғамдық тәртіпті сақтау және жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту керектігін атап өтті.

Жиынды қорытындысында көтерілген әрбір мәселе өзекті екенін айтқан аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі