Жаңақорған ауданында ұлттық спортты дәріптеу, «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыру, жас спортшыларға үлгі көрсету және чемпиондардың жетістік жолын жастарға насихаттау мақсатында «Жеңімпаз жастармен жүздесу» атты кездесу өтті.
Кездесудің басты кейіпкерлері – жамбы атудан ел намысын абыроймен әлемдік деңгейде қорғап жүрген жас спортшылар мен чемпиондар.
Шараға ҚР чемпионы (2024–2025 жж.), Азия чемпионы (2024–2025 жж.) Махамбет Нұрман, 2025 жылғы ҚР чемпионы Исрайыл Алтынай, 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2026 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Асхан Заңғар, жамбы атудан жаттықтырушы, ҚР спорт шебері, 2025 жылғы Азия чемпионы Өміртай Ғалымжан қатысты.
Кездесу барысында спортшылар жамбы атуға қалай келгендері, чемпиондық жолдары, жарыс кезіндегі жауапкершілік, жаттығу барысы және жеңіске жетудің қыр-сыры туралы жастармен ашық әңгімелесті.
Жас көрермендер чемпиондарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұлттық спорттың ерекшеліктері мен кәсіби спорттағы тәжірибелері жайлы тың ақпарат алды.
Кездесуде чемпиондар жастарды спортпен тұрақты айналысуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, мақсат қойып, сол мақсатқа табандылықпен жетуге шақырды.
Шара соңында чемпиондарға құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы кітабы табыс етілді.
«Жеңістің артында – тынымсыз еңбек, тәртіп, төзім және үлкен мақсат бар» деген чемпиондардың өнегелі сөзі жастарға ерекше мотивация берді.
Ұлттық спорт – ұлт рухының айнасы.
Жеңімпаз жастардың жетістігі – кейінгі буынға үлкен үлгі!






