Полиция қызметінде криминалистика саласының алатын орны ерекше. Қылмысты ашу ісінде бұл қызмет үлкен жұмыс атқарады. Қазіргі таңда криминалист мамандығына қызығатын жастар қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Үмбетов Қайрат Талғатұлы.
Бүгінгі күні ол Қызылорда қаласы Полиция басқармасының жедел криминалистка бөлімінің криминалисті, полиция лейтенанты болып қызмет атқарады.
Қылмыс орнында әрбір ұсақ-түйек аса маңызды. Көзге бірден байқалмайтын микробөлшектер, көрінетін іздер, заттардың орналасу тәртібі – мұның барлығы оқиғаның шынайы көрінісін қалыптастырады. Криминалист жорамалға емес, нақты деректерге сүйенеді: әрбір айғақты мұқият тіркеп, сараптап, тексереді.
«Менің ұғымымда криминалистика – ғылымның өзі. Мен оқыған академияда студенттерді учаскелік полиция, тергеуші, криминалист мамандықтарына баулиды. Таңдауым бірден криминалистикаға түсті. Осы мамандыққа назарымның ерекше ауғанына ешқашан өкінген емеспін. Криминалистика – қылмыстың себебін, қылмыскердің ойы мен психологиясын зерттейтін ғылым. Сондай-ақ оқиға орнында тергеушінің ең бірінші көмекшісі де – біз. Ең басты міндетіміз – дәлелдемелер жинап, қылмысты ашу. Ал жүргізетін жұмысымыз зерттеу» – дейді Қайрат Талғатұлы.
Жаңылуды жаны сүймейтін із кесуші криминалисттің үш қаруы бар екенін айтады. Олар: ең бірінші – адамгершілік, екінші – білімі, үшінші – қызметіне деген адалдығы. Бұл салада ұзақ бөгелу үшін асқан төзім, салқынқандылық, байыпты мінез керек.
Криминалист мамандығы көпшілікке көріне бермегенімен, оның еңбегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және әділдіктің салтанат құруында маңызды рөл атқарады. Осындай кәсіби мамандардың табанды еңбегі полиция қызметінің тиімділігін арттырып, қылмыстарды ашуға және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға қызмет етеді.





