Құрылтай

Аудандық қоғамдық кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті

7

0

Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

«Арман» мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында аудандық Қоғамдық кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті.

Жиынға аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қаблеш Бекішев төрағалық етіп, аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, тиісті сала басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері және аудан тұрғындары қатысты.

Мәжілістің негізгі мақсаты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстарды жүйелеу, аудан аумағының санитариялық-экологиялық жағдайын жақсарту, елді мекендердегі тазалық пен абаттандыру жұмыстарын жандандыру болып табылды.

Жиында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудан аумағында тазалық пен көркейту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсарту, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және кәсіпкерлік нысандардың абаттандырылуына ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Аудан прокуроры Мейрамбек Махамбетжанов жаңа Конституция талаптары аясында аудан аумағында экологиялық, санитариялық және абаттандыру талаптарының сақталуына тоқталып, заң талаптарын орындаудың маңыздылығын атап өтті.

Кеңейтілген мәжілісте күн тәртібіне енгізілген 5 мәселе қаралды.

Атап айтқанда, «Кәсіпкерлік және өндірістік нысандардың абаттандырылуы, тазалығы және экологиялық талаптардың сақталуы туралы» мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жомарт Ақбергенов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Шиелі кентіндегі тазалық және абаттандыру жұмыстары туралы» Шиелі кентінің әкімі Өмірәлі Аманкелді кент аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Кәсіпорындар мен өндірістік мекемелердегі санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы туралы» аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлстан Болатова ақпарат берді.

«Аудан аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау туралы» мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Досым Абуов баяндама жасап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды таныстырды.

Сондай-ақ «Аудан аумағындағы нысандардың сыртқы келбетін талапқа сай қалыптастыру және абаттандыру мәселелері туралы» аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұршат Бағдатұлы баяндады.

Жиын барысында тұрғындар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, аудан аумағындағы тазалық, абаттандыру, қоғамдық тәртіп және санитариялық жағдайға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.

Жиында айтылған ұсыныстар назарға алынып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі