Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының барысы талқыланды.
Жиында білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы, мектеп ғимараттарының әзірлігі, материалдық-техникалық базаның жай-күйі, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және оқу процесін сапалы ұйымдастыруға қажетті жұмыстардың орындалу барысы қаралды. Сондай-ақ білім ошақтарының санитариялық талаптарға сәйкестігі, абаттандырылуы, оқу кабинеттерінің жабдықталуы және оқушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударылды.
Аудан әкімі білім беру ұйымдарының оқу жылын толық дайындықпен бастауы тиіс екенін айтып, мектептердегі қауіпсіздік мәселесіне айрықша мән беруді тапсырды.
– Жаңа оқу жылының ойдағыдай басталуы – білім беру ұйымдарының жан-жақты дайындығына тікелей байланысты. Мектептердің материалдық-техникалық жағдайы, ғимараттардың әзірлігі, қауіпсіздік талаптарының орындалуы және оқушыларға жасалған жағдай толық зерделенуі тиіс. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерде жауапкершілік пен бақылауды күшейту қажет. Белгіленген жұмыстардың барлығы оқу жылы басталғанға дейін сапалы аяқталуы керек, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мәжілісте бұдан бөлек, 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық мәселесі қаралды. Сайлау учаскелерінің әзірлігі, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі және сайлау процесінің заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы жөніндегі жұмыстар сараланды. Аудан әкімі жауапты тұлғаларға дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, сайлауды тиісті деңгейде өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Жиын барысында бірқатар қосымша мәселелер қаралып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі






