Қызылордада отандық өндірісті қолдау, өңделген өнім үлесін көбейту және өңір кәсіпкерлерінің сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігін кеңейтуге арналған оқу-семинар өтті. Облыс әкімдігінде ұйымдастырылған кездесуге 100-ден астам кәсіпкер, мемлекеттік орган, даму институты мен салалық ұйым өкілдері қатысты. Жиынның ерекшелігі – экспорт туралы жалпы ұранмен шектелмей, өнімді шетелге шығарудың нақты тізбегін: нарықты таңдаудан бастап сертификаттауға, логистикадан қаржыландыруға, бренд қалыптастырудан төлем қауіпсіздігіне дейінгі мәселелерді бір алаңда қарастыруында болды.
Семинарды облыс әкімінің орынбасары Нұриддин Аманқұл ашып, жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен сыртқы нарықтарға шығуын қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өтті. Бағдарламада QazTrade, QazIndustry, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі және Түркиядан келген Alyors Group сарапшысының жеке блоктары қарастырылған.
Шикізаттан – дайын өнімге
Бұл тақырыптың Қызылорда үшін маңызы өңірдің экспорт құрылымынан анық көрінеді. QazTrade ұсынған мәлімет бойынша 2025 жылы облыс экспорты 586,2 млн АҚШ долларын құраған. Оның 77 пайызы мұнай мен уранға тиесілі. Экспорттың 51,2 пайызы Қытайға, 38,2 пайызы Ресейге бағытталған, яғни екі нарықтың үлесі 89 пайызға жетеді. Дегенмен өңделген және шикізаттық емес тауарлар арасында өсім бар: күріш экспорты 6,7, тұз 18,2, жылтыратылған шыны 36,1 пайызға ұлғайған. Балық өнімдері де өңір экспортының тұрақты бағыттарының бірі болып отыр.
Сол себепті жиында «қанша экспорттаймыз?» деген сұрақтан гөрі «тағы нені экспорттай аламыз?» деген мәселе алдыңғы қатарға шықты. QazTrade бағалауынша, Қызылорда облысының дайын және өңделген өнім бойынша қосымша экспорттық әлеуеті жылына 72-218 млн доллар аралығында. Оның 93 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі. Негізгі резерв күріш пен жарма өнімдерінде, керамика мен шыныда, агроөнеркәсіп және тағам өндірісінде, балық өнімдерінде, полимерлер мен құрылыс материалдарында жатыр. Жоғары басымдық берілген тауарлардың қатарында күріш, күріш кеспесі, балық филесі, тұз және санитарлық керамика бар.
QazTrade өкілі Нұрлан Құлбатыров кәсіпкерлерге отандық өнімді ілгерілету құралдары мен сыртқы нарыққа шығудың қолданыстағы арналары туралы баяндады. Кәсіпкерлер үшін ең өзекті сұрақтардың бірі – өнімді қай елге ұсыну және алғашқы сатып алушыны қалай табу. Осы ретте сауда-экономикалық миссиялар, халықаралық көрмелер, B2B кездесулер және Made in Kazakhstan цифрлық платформасы секілді құралдардың мүмкіндігі түсіндірілді.
Мұндай қолдау кәсіпкерге дайын сатып алушыны қолына ұстатып берумен шектелмейді. Оның мақсаты – компанияны сыртқы нарыққа шығуға дайындау, іскерлік байланыс орнататын алаңдарға қосу және қазақстандық өнімнің тұрақты көрінуіне жағдай жасау.
Шығынның қай бөлігі өтеледі?
Кәсіпкерлерді қызықтырған маңызды мәселенің бірі – экспортқа жұмсалған шығынның қандай бөлігі мемлекет есебінен өтелетіні. QazTrade таныстырылымында шетелдік көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысу, тауар белгісін тіркеу, шетелдегі өкілдік пен қойманы ұстау, сертификаттау, жарнама және тасымалдау шығындары бойынша қолдау қарастырылғаны айтылды. Тауарды ілгерілетуге қатысты шекті сома 13 мың АЕК-ке дейін, ал жеткізу мен тасымалдауға 75 мың АЕК-ке дейін белгіленген. Өтем көлемі өңдеу деңгейі мен кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай есептеледі.

Өндірістік қолдау шараларына «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Дархан Жұмаділов тоқталды. Ол еңбек өнімділігін арттыру, мамандардың біліктілігін көтеру, заманауи басқару технологияларын енгізу, энергия аудитін өткізу, жаңа технологиялық және цифрлық жабдық сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу тетіктерін түсіндірді.
QazIndustry бағдарламасы бойынша мұндай шығындардың 40 пайызына дейін өтеу қарастырылған. Қызметкерлер құзыретін арттыруға 30 млн теңгеге дейін, өндірісті ұйымдастыру тиімділігіне 20 млн теңгеге дейін, технологиялық процестер мен цифрлық жабдыққа 60 млн теңгеге дейін қолдау көрсетіледі.
Кәсіпкерлер жаңа жабдық сатып алу, мамандарды оқыту, сертификаттау және өтінім беру тәртібіне қатысты сұрақтарына да жауап алды. Қолдау алу үшін кәсіпорынның тиісті талаптарға сәйкес болуы, салық берешегінің болмауы және қажетті құжаттарды электронды түрде ұсынуы тиіс.
Бес сұрақ және алты тексеру
Семинардың тәжірибелік бөлігіне Түркия Республикасынан арнайы келген Alyors Group холдингінің экспорт жөніндегі директоры Неджметтин Өнер ерекше екпін берді. Оның «Экспорт және брендинг» тақырыбындағы баяндамасы экспортты тек шекарадан тауар өткізу деп қарамай, алдын ала есептелген бизнес-модель ретінде құруға арналды.
Сарапшының презентациясында әр экспорттық мәміле бес негізгі сұраққа жауап беруі тиіс екені көрсетілді: «Мен нені сатамын?», «Кімге және қайда сатамын?», «Қандай бағамен және қандай жеткізу шартымен сатамын?», «Тауар қалай жетеді?», «Төлемді қалай қамтамасыз етемін?». Яғни өнім сипаттамасы мен техникалық талаптан бастап мақсатты нарық, экспорт бағасы, Incoterms, тасымал, кедендік рәсімдер, құжаттар және төлем қауіпсіздігі, бәрі келісімге дейін айқындалуы қажет.
Өнер экспортқа дайындықты алты бағыт бойынша тексеруді ұсынды. Біріншісі – қуат: кәсіпорын бір реттік емес, қайталанатын тапсырысты тұрақты орындай ала ма? Екіншісі – құн: зауыттан шыққан өнім бағасына логистика, фрахт және өзге шығындар қосылғанда тауар бәсекеге қабілетті болып қала ма? Үшіншісі – сертификаттау: өнім мақсатты елдің талаптарына сай ма? Төртіншісі – қаптама: халықаралық нарыққа лайық тіл, міндетті ақпарат және тасымалдауға төзімді орама бар ма? Бесіншісі – өнімнің сақтау мен тасымалдау кезеңіндегі төзімділігі. Ал алтыншысы – айналым қаражаты: шетелдік төлем түскенге дейін өндірісті қаржыландырып, тапсырысты тоқтатпай орындауға мүмкіндік бар ма?

Осы тұста брендинг мәселесі де экспорттың ажырамас бөлігі ретінде қаралды. Өнім сапалы болғанымен, оның атауы, қаптамасы, нарыққа түсінікті сипаттамасы, сатып алушыға беретін құндылығы және тұрақты жеткізу қабілеті бір-бірімен үйлеспесе, халықаралық нарықта орнығу қиын. Әсіресе Қызылорда үшін күріш, тұз, балық, ет-сүт өнімдері, шыны, керамика мен құрылыс материалдары секілді бағыттарда шикізатты ғана емес, жоғары қосылған құны бар дайын өнімді брендпен ұсыну маңызды. Бұл өңір экономикасын бір немесе екі ірі экспорттық тауарға тәуелділіктен біртіндеп алыстатудың нақты жолдарының бірі.
Кездесу барысында кәсіпкерлердің қойған сауалдары да осы практикалық мәселелер төңірегінде болды: қай нарықты таңдаған дұрыс, шетелдік серіктесті қалай тексеруге болады, сертификат шығыны өтеле ме, жаңа жабдыққа жұмсалған қаражаттың бір бөлігін қайтару мүмкін бе, көрмеге қатысу мен логистикаға мемлекет қандай қолдау береді, экспорт бағасын қалай есептеу керек, тауардың жеткізу шартын қалай таңдайды, төлемнің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеді, айналым қаражаты жетпеген жағдайда қандай қаржы құралына жүгінуге болады? Бір күндік семинар осы сұрақтардың әрқайсысын жеке институттың құзыретімен байланыстырып, кәсіпкерге қай мәселе бойынша қай ұйымға жүгіну керектігін нақтылап берді.
Нәтижесінде Қызылордадағы оқу-семинар экспорттың тек ірі кәсіпорындарға арналған күрделі бағыт емес екенін, оған жүйелі дайындалған шағын және орта бизнес те қадам жасай алатынын көрсетті. Өңірде экспортқа жарамды өнім бар, өндірістік тәжірибе бар, шетелдік нарыққа қызығушылық та жоғары. Ендігі мәселе – мүмкіндікті нақты келісімшартқа айналдыру. Ол үшін кәсіпорын өнім көлемін тұрақтандырып, сапа мен сертификатты қамтамасыз етіп, шығынды дәл есептеп, логистиканы жоспарлап, қаржылық тәуекелді азайтып, ең бастысы, өз тауарын халықаралық нарықта түсінікті әрі сенімді бренд ретінде ұсына білуі қажет.
Мұндай кездесулердің құндылығы да осында: кәсіпкерге «экспортқа шығу керек» деп қана айтпай, сол жолдың қай жерден басталатынын және әр кезеңде қандай құрал бар екенін көрсету. Экспорт алыстағы нарыққа жөнелтілген бір вагон немесе бір контейнер тауардан басталмайды. Ол кәсіпорынның өз мүмкіндігін дұрыс есептеуінен, нарықты зерттеуінен, сенімді серіктес табуынан және әр келісімнің тәуекелін алдын ала басқаруынан басталады.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»






