Құрылтай

Данияр Елеусінов ішімдікке тәуелділікпен күресіп жүргенін айтты

66

0

Фото: НОК РК

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі жағдайы туралы ашық айтып, ішімдікке әуестігі бар екенін мойындады, деп хабарлайды syrboyi.kz.

Белгілі қазақстандық боксшы, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне қатысты соңғы оқиғаларға байланысты үндеу жасады. Спортшы ішімдікке әуестігі бар екенін ашық айтып, бұл мәселемен күресіп жүргенін жеткізді.

Бұған дейін Астанада Елеусіновтің қатысуымен бірнеше жол-көлік оқиғасы болған. Полиция мәліметінше, жүргізуші бірнеше көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.

9 шілдеде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты спортшыға қатысты істі қарап, оны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алып, жеті жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырды. Сотта спортшы өз кінәсін толық мойындаған.

Осыдан кейін Данияр Елеусінов әлеуметтік желідегі жазбасында өз жағдайына қатысты алғаш рет ашық пікір білдірді.

«Менде Олимпиададан кейін алкогольге деген әуестік пайда болды. Оның ауруға айналғанын өзім де білмей қалдым. Бұл күлетін нәрсе емес. Мен қазір осы мәселемен күресіп жатырмын», – деді спортшы.

Боксшы қоғам тарапынан айтылған сынға да тоқталды. Оның сөзінше, танымал спортшылар да қарапайым адамдар секілді қиындықтар мен өмірлік сынақтарға тап болады.

«Бізде бәрі керемет деген сияқты көрінеді. Бірақ біз де адамбыз. Ешкім мінсіз емес. Менде де қиыншылықтар, проблемалар бар», – деді ол.

Елеусінов өз жазбасында оңалту орталығында бір ай болғанын және уақытша ұстау изоляторында да жатқанын айтты. Ол мұның барлығын өз қателігінің салдары екенін мойындап, қазіргі таңда өміріндегі осы кезеңнен өтуге тырысып жүргенін жеткізді.

Спортшы сонымен бірге өзінің жетістіктерін еске алып, чемпиондық атақтарға қарамастан, өмірде әр адамның өзіндік сынағы болатынын атап өтті.

Данияр Елеусінов – 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы, әлем және Азия чемпионы. Кәсіпқой бокста да әлем чемпионы атанған спортшы енді АҚШ-қа қайта оралып, спорттық мансабын жалғастыруға ниетті екенін айтты.

«Қазақтың жігіті чемпион болып жатса, қуанып, қолдаңыздар. Жерге түсіре салу оңай. Жақсысы, қолдаңыздар, жанкүйер болыңыздар», – деді боксшы.

Елеусіновтің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Спортшының ашық мойындауы оның жеке мәселесімен қатар, қоғамда тәуелділік, психологиялық қиындықтар және танымал тұлғаларға көрсетілетін қоғамдық қысым мәселелерін де қайта көтерді.