Құрылтай

Биыл 1-сыныпқа 380 мыңнан астам бала қабылданады

5

0

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Биыл 1-сыныпқа тапсырылған құжаттардың 89 пайызға жуығы электронды форматты берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.

— Биыл алғаш рет QazTech платформасында Бірыңғай «OQU» платформасы аясында «1-сыныпқа қабылдау» кезең-кезеңімен іске қосылды. 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде пилоттық жоба аясында жүзеге асырылады. Жекелей атап өтетін жайт, өтініштердің 88,7 пайыздан астамы электрондық форматта қабылданды. Бұл ата-аналарға білім беру ұйымдарына жеке бармай-ақ, барлық қажетті рәсімдерді онлайн режимде жүзеге асырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын аңғартады, — деді министр.

Оның мәліметінше, 1-сыныпқа балаларды қабылдау бекітілген кестеге сәйкес 2026 жылғы 27 мамырдан 31 тамызға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі. Биыл 1-сыныпқа 380 мыңнан астам бала қабылданады деп күтілуде. Бұл ретте ата-аналардың өтініш беру белсенділігі жоғары деңгейде сақталып отыр. Сонымен бірге білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 202 бала қабылданды.

— Жалпы, балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Дамыған цифрлық инфрақұрылымның және жергілікті жерлерде жұмысты тиімді ұйымдастырудың арқасында жергілікті атқарушы органдар отбасылардың қажеттіліктеріне уақтылы ден қойып, әрбір баланы мектепке қабылдауды қамтамасыз етеді, — деді Жұлдыз Сүлейменова.