Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 133 мың студент қабылданады. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.
— Елімізде 763 колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент білім алады. Техникалық және кәсіптік білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 133 мың студентті қабылдау жоспарланған. Мемлекеттік білім беру тапсырысының 70 пайызы техникалық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға бағытталады. Кәсіпорындардың өтінімдері негізінде кейіннен міндетті түрде жұмысқа орналастыруды қарастыра отырып, 10 мыңнан астам студентті қабылдау көзделген. Биыл колледждерге құжаттарды қабылдау «OQU» бірыңғай платформасы арқылы жүзеге асырылады, — деді министр.
Оның айтуынша, жұмыс берушілермен бірлесіп кәсіптік стандарттардың, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, шамамен 500 білім беру бағдарламасы әзірленіп, жаңартылды. 27 колледжде білім беру бағдарламаларының халықаралық салалық және кәсіптік талаптарға сәйкестігін бағалау рәсімі өткізілді.
— Аккредиттеу қорытындысы бойынша 134 педагог пен 347 студент халықаралық сертификаттарға ие болды. Жыл басынан бері шетелдік колледждермен академиялық ұтқырлық, халықаралық салалық аккредиттеу және басқа да мәселелер бойынша 80-ге жуық меморандум мен келісімге қол қойылды, — деді Жұлдыз Сүлейменова.






