Еліміз балалардың құқығын қорғауда жаһандық ТОП-25 елдің қатарына кірді. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.
– Алғаш рет 2030 жылға дейінгі «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданып, балаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары бірыңғай жүйеге біріктірілді. Тұжырымдаманы іске асыру үшін 10 индикатор және 158 іс-шара көзделген. 1 қыркүйектен бастап балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын қалыптастыруға және өмірлік тұрақтылығын дамытуға негізделген «Жеке қауіпсіздік» курсы оқытылады. Сонымен қатар Бірыңғай цифрлық мемлекеттік диагностикалық платформа енгізіледі. Ол балалардың жағдайын жүйелі түрде бақылауға, тестілеуге формалды көзқарасты болдырмауға және Ұлттық білім беру деректер қорын трансформациялау аясында баланы үздіксіз сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді министр.
Оның атап өтуінше, 2026 жылы еліміздің барлық өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды. Олардың негізгі міндеттері – балалардың құқықтарын қорғау жұмыстарын үйлестіру, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды сүйемелдеу, Психологиялық қолдау көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру және бала құқықтарының бұзылуын ерте анықтау.
– Жүргізіліп жатқан жұмыстар халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. 2025 жылғы қаңтар және маусым айларында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер Қазақстанның негізгі құқықтары мен бостандықтарына, оның ішінде балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған реформаларға жоғары баға берді. ЮНИСЕФ Қазақстанды Орталық Азия елдері, сондай-ақ бірқатар Еуропа мемлекеттері үшін балалардың құқықтарын қорғау саласындағы үлгі ретінде атап өтеді. Сонымен бірге ауқымды реформалар халықаралық деңгейде де мойындалды. KidsRights Index 2026 рейтингіндегі Қазақстанның позициясы елімізде балалардың құқықтарын қорғау саласында берік негіз қалыптасқанын көрсетеді. Қазақстан 194 мемлекеттің ішінде 24-орынға ие болып, жаһандық ТОП-25 қатарына енді, – деді Жұлдыз Сүлейменова.






