Зейнетке шықса да қол қусырып отырмайтын қария көп қой бізде. Әсіресе, ауылда тұратын үлкендер тынымсыз келеді. Жасынан еңбек етіп қалған олар бейнеттен қорыққан емес. Денсаулығы жарап тұрса, талай шаруаның басын қайыратынын көріп жүрміз. Жалпы Сырдағы елдің басым көпшілігі диқандыққа бейім емес пе? Ал біздің кейбір қарттарымыз әлі де кетпен шауып, қарық соғатыны рас.
Күлипа апа Қармақшы ауданына қарасты Төребай би ауылының тұрғыны. Қармақшы ауылында туып өскен ол мектеп бітірісімен еңбекке араласқан. Ауыл ішіндегі өндірістік бригадада жұмыс істепті. Ал кейіннен Жамбыл облысындағы оқу орнынан есепші мамандығын алып, арнайы жолдамамен қазіргі өзі тұратын ауылға қызметке келген. Осында тұрмысқа да шығыпты.
– 1983 жылдан экономист болып қызмет бастадым. Есепші, одан соң Жосалы совхозында кадр бөлімінде жұмысты жалғастырдым. Кейін совхоз тарап кетті. Мен ауылдағы «Ақ көгершін» балабақшасында шаруашылық меңгерушісі болып, 2018 жылы зейнеткерлікке шыққанша сол жерден табан аудармай жұмыс істедім. Қазір қолымыз бос, қуатымыз баршылық. Қарап отырғанша диқан жолын жалғастырайын деп шештім, – дейді Күлипа апа.
Әкесі Молдахмет уақытында диқан болған. Ал қайын атасы белгілі күрішші екен. Ұлы Ғабитжан 2023 жылы «Қарасай» шаруа қожалығын ашса, былтырдан бері бұл тізгінді апаның өзі алған. Қазір 1,5 гектар жерге бақша өсіріп отыр.
– Бала күнімізден үйдегі бауырларымызбен бірге әкеме еріп, қауын-қарбыз, басқа да дақылдарды егетінбіз. Әр ұяны бірлеп, отағын отап, кейіннен пәлегін қайыруды кішкентай күнімізден үйретті. Салма ішіне түскен түйнектің суда қалып қоймауына дейін қадағалайтынбыз. Сол көргеніміздің ізі шығар, қазір де әкеден үйренген осы кәсіпті тоқтатқан жоқпын. Жыл сайын піскен қауын-қарбыз, асқабағымызды Байқоңыр мен Төретамға өткіземіз. Одан түскен пұлға немерелерімнің киімдерін, қысқы азық, одан қалды малға жем-шөп сатып алып жүрміз, – дейді ол.
Апаның бақшасының пісуіне аз күн қалғандай. Пәлек арасындағы түйнектер үлкейгелі біраз болыпты. Қазір мал мен құстың піскен дақылға үйір келетін уақыты емес пе?! Диқан апаның бақшаны қызғыштай қорып отырған жайы бар.
– Жолдасым Қарасай 2008 жылы дүниеден өтті. «Орнында бар – оңалар» деген, шүкір, үш ұл-қыз өсірдік. Үлкен қызым Райкүл облыс орталығында тұрады, өзі мұғалім. Кіші қыздың аты Назгүл, медицина қызметкері. Ұлым Ғабитжан қолымда, аудан орталығындағы білім бөлімінде қызметі бар. 10-нан аса немере шапқылап жүр. Еңбекпен келген несібенің адал болатынын осыларға ұқтырсам деймін. Тәуба, қара жерді қадірлей білсең, уысың толатыны анық. Тек ерінбесең болғаны, – деп ағынан жарылды Күлипа апамыз.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





