Өңірімізде жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы егуден бас тартқандар қатары азаймай тұр. Биыл 6 айда олардың саны 2025 жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға жоғарылады.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті профилактикалық екпемен қамту деңгейі оптимальді көрсеткіштен төмен болғанын мәлімдеді.
– Біз денсаулық сақтау басқармасымен бірлескен жұмысты күшейттік. Жыл басынан бері 27 ата-ана екпе туралы көзқарасын өзгертіп, балалар екпе алды. Профилактикалық екпенің маңызы зор. Қызылша ауруының жиілеуіне байланысты іске қосылған қосымша егу науқанының нәтижесінде 5450 адам екпемен қамтылып, аурушаңдық төмендеген. Осы жылдың алғашқы 2 айында 25 дерек есепке алынса, наурыз, сәуір айларында бірде-бір дерек есепке алынған жоқ, – деді департамент басшысы Гүлмира Сыздықова.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының зертханалық жолмен расталған 11 жағдайы анықталды. 1403 тұрғын кене шағу дерегімен медициналық көмекке жүгініп, 14 күн дәрігердің бақылауында болды.
Есепті кезеңде бруцеллездің 21 жағдайы тіркелді. Оның 6-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Науқастардың 42,9 пайызы – ауылдық елді мекен тұрғындары. Барлығы бруцеллез ауруынан қолайлы аймақта тұрады. Бруцеллез жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болған 73 адам есепке алынып, лабораториялық зерттеу кезінде нәтижесі теріс болып шықты. Ауру ошақтарында қоршаған ортадан 73 сынама алынып, 8-інен немесе 22,9%-ынан оң нәтиже анықталды.
– Сәуір айынан бастап облыстық білім басқармасымен бірге лагерьлердің дайындығын тексердік. Әсіресе, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу, нысандардың талаптарға сәйкестігі және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Зертханалық бақылау аясында лагерьлерден микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша 22 ауызсу сынамасы алынды. Сәйкессіздік анықталған жоқ. Шомылу маусымында балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Осы орайда су айдындары мен жабық бассейндерден микробиологиялық, паразитологиялық, вирусологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 22 су сынамасы, топырақтан 10 сынама алынып, ол талапқа сәйкес келді. Маусым бойы су нысандары мен бассейндердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Барлық лагерь аумағына профилактикалық дезинфекция, дезинсекция, дератизация жұмысы ауысым сайын жүргізілуде, – деді департамент басшысы.
Биыл 6 айда 314 әкімшілік хаттама толтырылды. 21 млн 160 мың теңгеден астам айыппұл салынып, 309 айыппұлдың 299-ы өндірілді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






