Ауыл тіршілігінің күретамыры – мал шаруашылығы. Ал төрт түліктің саулығы мен одан алынатын өнімнің қауіпсіздігі ветеринар маманның білімі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Бүгінде бұл сала да уақыт талабына сай өзгеріп келеді: дәстүрлі тәжірибенің орнын заманауи диагностика, жаңа технология мен кәсіби қызмет толықтыруда. Осындай жаңашылдықты ауылға жеткізіп жүрген мамандардың бірі – Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде еңбек ететін ветеринар Дана Ашабаева.
Мамандығын кәсіппен ұштастыра білген оның еңбек жолы қарапайым басталған. Ветеринар дәрігер мамандығын алған Дана бірнеше жыл Қызылорда қаласындағы ветеринариялық дәріханада жұмыс істеп, тәжірибе жинайды. Кейін тұрмысқа шығып, Тереңөзекке қоныс аударған соң аудан орталығында арнайы ветеринариялық дәріхана жоқ екенін байқайды. Бұл ауыл тұрғындары үшін едәуір қолайсыздық туғызатын. Малға немесе үй жануарларына қажетті дәрі-дәрмек үшін облыс орталығына баруға тура келетін. Осы мәселені көрген жас маман бос тұрған нарыққа кәсіп көзі ретінде ғана емес, ауылға қажет қызмет ретінде қарады.
– Алғашында бәрін өз күшіммен бастауға тура келді. Өз қаражатыма ғимарат жалдап, қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алдым. Кейін бизнесті дамыту үшін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы екі миллион теңге жеңілдетілген несие алдым. Қазір жергілікті тұрғындар ветеринариялық препарат іздеп облыс орталығына сабылмайды. Дәріханада ауыл шаруашылығы және үй жануарларына қажетті дәрілерді алып қана қоймай, оларды дұрыс қолдану, аурудың алдын алу жөнінде кәсіби кеңес те ала алады, – дейді Дана Ашабаева.
Кәсіпкердің бастамасы бір дәріханамен шектелген жоқ. Ауданда мал шаруашылығының өркендеуі ветеринариялық қызметке деген сұранысты арттыра түсті. Әсіресе малдың буаздығын ерте анықтау шаруалар үшін маңызды мәселелердің бірі еді. Осы қажеттілікті ескерген кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланып, құны жеті миллион теңге болатын заманауи ультрадыбыстық зерттеу аппаратын сатып алды. Жаңа құрылғыны кәсіби деңгейде меңгеру үшін арнайы оқудан да өтті.
Бүгінде бұл аппараттың көмегімен сиыр, қой мен ешкінің буаздығын 40-45 күннен бастап анықтауға болады. Бір қарағанда қарапайым көрінетін мұндай диагностика шаруашылық үшін үлкен мәнге ие. Малдың жағдайын ерте білу арқылы оның күтімін дұрыс ұйымдастыруға, ветеринариялық шараларды уақытында жүргізуге және табынның өсімін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік туады.
– Мал шаруашылығы – халқымыздың ежелден келе жатқан кәсібі. Бірақ бүгінгі таңда оны тек дәстүрлі тәсілмен дамыту жеткіліксіз. Қазір дәлдік пен технология қажет. Мемлекеттік қолдаудың арқасында заманауи аппарат алып, ауыл тұрғындарына бұрын қолжетімсіз болған қызметті ұсына бастадық. Ерте диагностика мал иесіне уақытты да, қаражатты да үнемдеуге көмектеседі, – дейді ветеринар.
Дананың тәжірибесі ауыл кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған бағдарламалардың нақты нәтижесін көрсетеді. «Ауыл аманаты» ауыл және шағын қала тұрғындарына жеңілдетілген несие беру арқылы кәсіп бастауға, жұмыс істеп тұрған істі кеңейтуге және жаңа қызмет түрлерін енгізуге мүмкіндік береді. Мұндай қолдау, әсіресе, ауыл шаруашылығы басым өңірлер үшін маңызды.
Өйткені ауылдағы кәсіптің құны тек табыспен өлшенбейді. Бір кәсіпкердің бастамасы кейде тұтас елді мекеннің тұрмысын жеңілдетеді. Дана Ашабаеваның ветеринариялық дәріханасы тұрғындарды облыс орталығына барудан құтқарса, жаңа диагностикалық аппарат мал шаруашылығына заманауи қызметті жақындатты. Оның еңбегі бұған дейін де елеусіз қалған жоқ. 2018 жылы Сырдария ауданындағы алғашқы ветеринариялық дәріхананы ашқаны үшін бір миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болып, «Үздік жас кәсіпкер» номинациясымен марапатталған. Ал кәсіпкердің алдағы мақсаты бұдан да ауқымды. Ол Тереңөзекте заманауи ветеринариялық клиника ашып, салаға қатысты бірнеше жаңа жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Бұл – бір маманның ғана жетістігі емес. Бұл ауылда білім мен бастама, кәсіби тәжірибе мен мемлекеттік қолдау тоғысқанда қандай өзгеріс жасауға болатынын көрсететін мысал.
– Мен үшін ең маңыздысы – ауыл тұрғындарына қажет қызметті өз жерімізде қолжетімді ету. Бұрын қарапайым ветеринариялық дәрі-дәрмек немесе тексеру үшін Қызылордаға баруға тура келетін. Қазір сол қажеттіліктің бір бөлігін Тереңөзектің өзінде өтеуге мүмкіндік бар. Алдағы уақытта ветеринариялық клиника ашып, қызмет түрлерін көбейткім келеді. Мемлекеттік қолдау біз секілді ауыл кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Ең бастысы – сол мүмкіндікті ел игілігіне жарата білу, – дейді мал дәрігері.
Бүгінде ауылға тек жаңа техника немесе қаржы ғана емес, сол мүмкіндікті ел игілігіне айналдыра білетін іскер адамдар қажет. Дана Ашабаева секілді мамандардың еңбегі ауылдағы ветеринарияның да жаңарып, заманмен бірге дамып келе жатқанын аңғартады. Ал төрт түліктің саулығына қызмет ететін мұндай бастамалар түптеп келгенде ауыл шаруашылығының тұрақтылығына, халықтың табысына және азық-түлік қауіпсіздігіне қызмет етеді.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





