Құрылтай

Қаламды қаруға ауыстырған ұстаз

6

0

Әр адамның өмір жолы әртүрлі. Бірі білім беру саласын таңдаса, енді бірі мемлекеттік қызметте немесе өзге мамандықта еңбек етеді. Алайда әр азаматты біріктіретін ортақ міндет бар. Ол – Отан алдындағы борышты адал атқару.

Кеше ғана шәкірттеріне білім беріп, қолына қалам ұстаған жас ұстаз бүгінде қаламын қаруға ауыстырып, Ұлттық ұлан сапында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүр. Ол – Қызылорда қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Ақжол Тұрсынғалиев.

Ақжол 2001 жылғы 8 желтоқсанда Жетісу облысының Талдықорған қаласында дүниеге келген. Жастайынан білім саласына қызығушылық танытып, болашағын ұстаздық қызметпен байланыстырды. 2023 жылы «Педагогика және психология» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдаса, 2026 жылы «Математика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша екінші жоғары білімін алды.

Еңбек жолын 2021 жылдың маусым айында талапкерлерді Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайтын жекеменшік білім беру орталығында бастады. Алғашында биология-химия бағыты бойынша сынып жетекшісі болып еңбек етіп, шәкірттерінің сапалы білім алуына күш салды. Нәтижесінде оның жетекшілігіндегі түлектердің барлығы мемлекеттік білім грантын иеленді.

Кейін математикалық сауаттылық пәнінен сабақ беріп, кәсіби білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Бұл лауазымда оқу процесін ұйымдастыруға, педагогтердің жұмысын үйлестіруге және білім сапасын арттыруға өз үлесін қосты.

Дегенмен ұстаздық қызмет пен кәсіби жетістіктер Отан алдындағы азаматтық борыштан шет қалдырған жоқ. 2026 жылдың маусым айында Ақжол Тұрсынғалиев мерзімді әскери қызметке шақырылып, Ұлттық ұланның 5547 әскери бөліміне келді.

Жас сарбаздар даярлығы курсынан өтіп, әскери ант қабылдағаннан кейін оның өмірінде жаңа кезең басталды. Азаматтық өмірде қалыптасқан жауапкершілігі, ұйымдастырушылық қабілеті, адамдармен және құжаттармен жұмыс істеудегі тәжірибесі әскери ортада да өз пайдасын тигізуде.

– Ұстаздық қызмет маған жауапкершілікті, тәртіпті және адамдармен жұмыс істеуді үйретті. Ал әскери қызмет осы қасиеттерімді одан әрі шыңдап, Отан алдындағы борышты адал атқарудың маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Ұлттық ұлан сапында қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді қатардағы жауынгер Ақжол Тұрсынғалиев.

Бүгінде кеше ғана шәкірттеріне білім беріп, олардың болашағына бағыт-бағдар көрсеткен жас ұстаз қаламын қаруға ауыстырып, әскери қызметтің қыр-сырын меңгеруде. Ол өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, ел тыныштығын күзетуге өз үлесін қосып келеді.

Ақжол Тұрсынғалиевтің өмір жолы – білім мен еңбекті, азаматтық жауапкершілік пен Отан алдындағы парызды қатар алып жүруге болатынының айқын көрінісі. Ұстаздық жолдан Ұлттық ұлан сапына келген сарбаз үшін әскери қызмет – өмір мектебінің жаңа әрі маңызды белесі.