Құрылтай

Алдағы жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 17 мыңнан астам бала қабылданады

5

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте басты назарда болуы тиіс мәселелер жан-жақты талқыланды.

«Санаулы күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Барлық қажетті шараларды қабылдап, дайындық жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз қажет. Қазіргі уақытта 31 мектепте ағымдағы жөндеу жүріп жатыр. Қала және аудан әкімдіктері, 20 тамызға дейін білім беру ұйымдарының дайындығын толық қамтамасыз етіп, жөндеу жұмыстарын тез арада аяқтаңыздар.

Жаңа оқу жылындағы өзекті мәселелердің бірі – оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен қамту. Бұл жұмыстар да сапалы ұйымдастырылып, оқулықтарға қатысты шағым түспеуі қажет. Тағы бір маңызды міндет – балаларымыздың мектепке дайындығы. Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады. Мемлекеттік мектептерде білім алатын, бірақ тиісті көмекпен қамтылмай қалған көпбалалы, тұрмысы төмен отбасы балаларына қажетті көмек көрсетілуі тиіс.

Ал жеке мектептерде оқитын көмекке мұқтаж оқушылардың мәселелерін демеушілер есебінен шешуіміз қажет.

Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында базарлардағы, сауда орындарындағы оқу құралдары, мектеп формасы бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу керек. Жергілікті кәсіпкерлердің жәрмеңкелерін тұрақты өткізіп, оқу құралдарының жеңілдікпен сатылуын ұйымдастырыңыздар», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Аймақта 651 мектепке дейінгі ұйым, 327 мектеп, 28 колледж бар. Жаңа оқу жылында 1-11 сынып оқушыларының саны 190 мыңнан асады. Ал биыл бірінші сыныпқа 17 700 бала қабылданады. Құжат қабылдау осы жылдың 31 тамызына дейін жалғасады. Өңірдегі 63 қосымша білім беру ұйымында 70 мыңға жуық оқушы қамтылған. Жақында пайдалануға берілген «AI-Kerim» оқу-сауықтыру орталығы мен Ботаникалық бақ жыл бойы жұмыс істейді.

Жиында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесі де қаралды. Облыс әкімі бейнебақылау камераларын Жедел әрекет ету орталығына толық қосу, санитарлық, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берді.

«Оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектеп маңында жол полициясы инспекторларының күнделікті кезекшілігін ұйымдастырыңыздар. Әсіресе, оқушы саны мен көлік қозғалысы көп мектептер аумағындағы қауіпсіздікті күшейту қажет. Жаяу жүргіншілер жолы, жол белгілеріне қатысты кемшіліктер бар. Қала, аудан әкімдіктері 25 тамызға дейін аталған кемшіліктерді тез арада ретке келтіріңіздер. Кейінгі үш жылда білім беру ұйымдарын инженерлік, техникалық жабдықтармен жарақтауға жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Балаларымызға қауіпсіз, қолайлы орта қалыптасып, бейнебақылау камералары, турникеттер орнатылды.

Ендігі мақсат – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған құқықтық тәрбие беру жұмыстарын ұйымдастыру», – деді облыс әкімі.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов баяндама жасап, жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы айтты. Мәжілісте суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары, алдағы жылу беру маусымына дайындық жайы да талқыланып, қала, аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі