Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Алтын Орданың мұрагері екенін атап өткені мәлім. Осыған орай Алтын Орданың кіндігі – Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында «Ұлы дала тарихындағы Ұлытау өңірінің XVII–XVIII ғасырлардағы көрнекті тұлғалары Өтебай би мен Барлыбай батыр тағылымы» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференцияны Жаратылыстану ғылымдары академиясы мен Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияны Жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Әбдікәрім Зейнуллин жүргізіп отырды. Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессоры Берекет Кәрібаев XVI– XVII ғасырлардағы тұлғаларды ғалымдар әлі толық танып білмегенін, ел аузындағы аңыздар аздық ететінін, тұлғаларды тану жолының қағидатын айтты. Ғалым сонау скифтер мен сармат, одан кейінгі сақ, үйсін, қаңлы, ғұн тайпалары, оғыз-қыпшақ дәуірі, Алтын Орда, одан кейінгі қазақ хандығы дәуіріне тоқталды. Осылардың барлығы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болғанын тілге тиек етті. Конференцияға өзек болып отырған Өтебай би мен Барлыбай батыр осы хандық дәуірде өмір сүрген. Қиын қыстау кезеңде әр тайпадан, рудан шыққан батырлар елді қорғауды өз мойнына алса, жердің тұтастығын сақтау билердің қолында болған. Халық есімдерін құрметтеп, ұранға айналдырған.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің профессоры, академик Хангелді Әбжановтің айтуынша, батырлардың жарқырап көзге түскен заманы XVIII ғасыр. Бұл ғасырды Шоқан жауынгерлік заман, қанды қырғын заман деді. Уақытында ұлы батырлар, кіші батырлар да өзінің миссиясын орындап шыққан. Батырлардың қалдырған мұрасы – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, ұлан байтақ жеріміз. Олар ұрпақтың болашағы үшін жанын құрбан еткен. Шоқанның еңбектерінде жиырмаға жуық ұлы батырдың аты аталады. Бұқар жырау жиырма шақты батырдың ерлігін жырға қосқан. «Бір жылдары «Қазақ батырлары» атты газет шығып тұрған. Онда батырлардың тізімі берілген. Санап көрсек, қазақ даласында батырдың саны бес мыңнан асады екен. Біздің батырлар өзінің тарихи миссиясын атқармаса, тәуелсіздігімізді сақтамас едік. Екіншіден, халық болып жер бетінде қалмас едік. Үшіншіден, осыншама жерді алып қалмас еді. XVIII ғасырда өмір сүрген Құлекебаласы Өтебай, Тауасарұлы Барлыбай – батыр әрі би болған» деп тарихи деректер келтірді.
1748 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр ханның қазасына байланысты Барақ сұлтанға қатысты өткен билер сотына төрелік айтуға найманның бағаналы руынан Өтебай би арнайы шақырылған. Бұл туралы 1961 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының баспасынан жарық көрген «Казахско-русские отношения в XVI–XVIII веках» атты құжаттар жинағының 166-құжатында (427-бет) мәлімет келтірілген. 1748 жылы Әбілқайыр хан Барақ сұлтанның қолынан қаза тапқанда қазақ даласында азаматтық соғыс болып кете жаздайды. Осы бір қиын қыстау сәтте батырлар, билер соның ішінде Өтебай елшілікке жүріп, жанжалды тоқтатуға үлес қосады. Барлыбай батыр Абылай ханның тапсырмасын орындап, дипломатиялық мәселелерді шешуге араласқан екен.
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик Кәрімбек Құрманәлиев Барлыбай хан жөнінде дерекке тоқталды.
«Барлыбай Тауасарұлы – XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезінде ел қорғаған ірі қолбасшылардың бірі болғаны тарихи құжаттарда айтылатынын тарихшы ғалымдардың еңбектерінен қанықпыз. Жасөспірім кезінде ол жекпе-жекте қалмақ батырын жеңіп, елге танылды. Осыдан кейін оны Кіші жүздің биі ел басқару ісіне араластырып, болашақ көшбасшы ретінде тәрбиелейді. Жоңғарларға қарсы шайқастарға қатысып, қолбасшылық қабілетін танытады. Барлыбай тек батыр ғана емес, көреген саясаткер ретінде де ерекшеленген», дейді академик.
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Орталық Азия және Таяу шығыс бөлімінің меңгерушісі Бағдат Даниярұлы Шығыс дерек көздері бойынша жұмыс істейтінін, қазақтың тарихи тұлғаларын сәйкестендіру мәселесін көтерді. Ол қазақ халқының тарихында аттас батыр өте көп екенін, мысалы Бөгенбай есімді сегіз батыр барын, олардың тарихта орны бар тұлғалар екенін қаперледі.

«Әр батырдың тарихи орнын нақты анықтап алған жөн. Кейінгі кезде тарихи деректерде кездесетін есімдерді нақты тұлғамен байланыстыру қиындық туғызады. Тарихи оқиғалары араласып, әртүрлі жазыла береді, соны сәйкестендіру керек. Мысалы, Өтебай – XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген найман тайпасының бағаналы руынан шыққан беделді би. Бірақ бидің есімі бір деректерде сәл өзгеріске ұшыраған. Кіші жүздің шөмекей руының әскербасы болған Өтебай бар. Одан кейін Өтебас деген Әйтеке бидің бел баласы болған. Осыдан келіп тарихи оқиғалардың кейбіреуі ауысып жатады. Сондықтан найманнан шыққан Өтебай биді архив құжаттарынан бөлек, өзге де құнды құжат, қолжазба дерегіне сүйеніп, халықтың аузындағы аңыз әңгімелері бар, соларды салыстырып зерттеу керек. Халық арасында Барлыбай батырды зерттегендер кездеседі. Белгілі қаламгерлер Қуаныш Ахметов, Ақселеу Сейдімбектің еңбектерінде бар» дейді.
Тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директорының орынбасары, профессор Жомарт Жеңісұлы оқу орны ұжымының айтқан бірнеше ұсынысын жеткізді.
«Ұлытау тарихы терең өлке, бірақ мәдени-ғылыми орталықтан шалғай жатыр. Сондықтан Ұлытауда аталған институттың алдымен өкілдігін, кейін филиалы ашылса және оған осы өңірдегі тарихшылар жұмылдырылса, үшінші Өтебай би мен Барлыбай батырдың ғұмыры мен қызметін зерттеу мақсатында магистранттар мен докторанттарға диссертациялық жұмыс жазуға тапсырма берілсе, оқу орны жетекшілік жасап, көмектесуге дайын. Қазақтың тұтас тарихы ру, тайпалардың ауылдардың өңірлердің тарихынан тұрады. Институт ғалымдары ежелгі заманғы Ұлытау өңірі тарихы туралы бестомдық кітап жазуға ұсыныс жасады. Жүзден аса ғалымдары, бай архиві бар институт бұл жобаны Ұлытау облысының өлкетанушыларымен, жалпы зиялы қауыммен бірлесе әзірлеуге дайын» деді.
Модератор Әбдікәрім Әбдіжәлелұлы бұл ұсынысты Қаулы жобасына енгізуге болатынын айтты.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлытау облысының құрметті азаматы Мұхамбет Жұманазарұлы ертеде ата-әжесінен естіген оқиғаны баяндады:
– Өтебай Құлекеұлы – жасынан тапқырлығымен танылған би. Арғын мен найманның игі жақсылары күрделі дауды бірнеше күн шеше алмай отырғанда, бала Өтебай келіп, дауға араласуға ниет білдіреді. Ақылгөй қарияның шақыруымен ортаға шығып, даудың мәнін тыңдап, әділ шешім айтады. Даудың түйіні – ат теуіп өлтірген балаға құн төлеу мәселесі еді. Өтебай бұл жағдайды жан-жақты саралап, нақты шарттар қояды. Егер бала үй босағасында өлсе – толық құн, үй сыртында болса – жарты құн, ал ауыл сыртындағы кермеде болса – құн төленбейді. Осы оқиғадан кейін оған «Қара бала» деген ат беріліп, ел ішінде абыройы арта түседі.
Белгілі журналист, «Айғақ» телерадиокомпаниясы» ЖШС бас директоры Дулат Әбіш: «Арқалыққа жетпей Барлыбай хан кесенесіне бардық. Он бес жыл бұрын басына белгі қойған екен, одан кейін адам бармаған. Мүжіліп, құлайын деп тұр. Ескерткіште мемлекет қарауында деген жазу тұр. Осы ескерткішті қайта жаңғырту қолға алынса», деген пікірі ойландырды.
Ұлытау облысы





