Cairns Cup-2026 супертурниріне қатысып жатқан шахматшылар «Армагеддон» кезеңіндегі ең қиын қарсыласын атады. Олардың төртеуі де қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваны нұсқады, деп хабарлайды Sports.kz.
Сент-Луис шахмат қоғамының баспасөз қызметі үздік шахматшылар арасында «Cairns Cup-2026 турниріндегі Армагеддонда ең қиын қарсылас кім болар еді?» деген сауалнама жүргізген. Грекиялық Ставрула Цолакиду, украиналық Анна Музычук, үндістандық Хампи Конеру және америкалық Элис Ли Бибісара Асаубаеваны атады.
Мәселен, Цолакиду «Мен Бибісараны таңдар едім. Ол жылдам шахматта өте мықты» деп атап өтті.
Ал Музычук «Бибісараны атар едім. Ол уақыт бақылауы қысқа партияларда өте жақсы ойнайды» деді.
Конеру «Меніңше, бұл — Бибісара» деп қысқа қайырды.
Сондай-ақ америкалық Элис Ли: «Бәлкім, Бибісара шығар. Өйткені ол блицтен әлемнің үш дүркін чемпионы» деді.
Музычук — жылдам шахмат түрлерінен әлемнің үш дүркін чемпионы. Конеру рапидтен әлем чемпионатында екі рет жеңіске жеткен. Ал Элис Ли өз жас санаттарында кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында үш рет топ жарған. Цолакиду да жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында үш рет жеңімпаз атанған. Ол 2013 жылы 14 жасқа дейінгілер, 2015 жылы 16 жасқа дейінгілер және 2016 жылы 18 жасқа дейінгілер арасында алтын медаль иеленген.
Бүгін АҚШ-тың Сент-Луис қаласында Cairns Cup турнирінің соңғы, сегізінші туры өтеді. Бибісара Асаубаева үшінші орында тұр. Ол турнир көшбасшысы, қытайлық Тан Чжунъимен шешуші кездесу өткізеді.
Шахматтағы Армагеддон — матчтағы есеп тең болған жағдайда жеңімпазды анықтау үшін ойналатын шешуші партия. Мұнда ақ фигуралар көбірек уақыт алады: әдетте ақтарға 5 минут, қараларға 4 минут беріледі. Алайда ақтар тек жеңіске жеткен жағдайда ғана матчта жеңімпаз атанады. Қараларға уақыт аз беріледі, бірақ партия тең аяқталса, олар автоматты түрде матч жеңімпазы деп танылады.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) белгілеген алғашқы FIDE Excellence Awards сыйлығына үміткер ретінде тіркелді.






