Құрылтай

Елге қызмет үлгісі

6

0

Кеше Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 жылдығына орай өткен салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, облыстық, қалалық және аудандық мәслихат төрағалары мен депутаттары қатысты.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстан Парламентінің ел тәуелсіздігін нығайтудағы және мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі ерекше рөліне тоқталды.

– Отыз жылдан астам уақытта Қазақстан Парламенті тәуелсіз еліміздің құқықтық негізін қалыптастыруға, мемлекеттік институттарды нығайтуға және еліміздің тұрақты дамуына зор үлес қосты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Елімізде саяси және заң­на­малық тұрғыдан сапасы жоғары пар­ла­менттік мәдениет қалыптасты. Бұл – Қазақ­станды дамыған ел ретінде айқындайтын ең маңызды көрсеткіштің бірі. Парламенттің әрбір шақырылымы Қазақстанның алға қарай нық сеніммен қадам басуына зор серпін берді» деген болатын.

1995 жылғы Конституцияның қабыл­дануы қос палаталы кәсіби Парламенттің қалыптасуына жол ашты. Еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуына серпін беретін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған үш жарым мыңға жуық заң қабылданды, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі қалыптасты.

Конституциялық реформалардың нәти­же­сінде Парламенттің өкілеттігі кеңейіп, депутаттық корпус пен азаматтық қоғам арасындағы байланыс нығайды.

1995 жылдан бері өңірімізден 27 азамат Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісіне депутат болып сайланды. Олар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелердің шешілуіне зор үлесін қосты. Арал өңірінің экологиялық ахуалы, су қауіпсіздігі, ауылдарды қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы бастамалар – соның айқын дәлелелі.

Осы ретте ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге адал қызмет еткен ай­ма­ғы­мыздан сайланған Парла­мент де­путаттарына барша Сыр жұртшы­лы­ғының атынан шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі. 

Шарада Биғали Қаюпов, Балайым Кесе­баева сөз сөйлеп, ел дамуына сү­белі үлес қосып жүрген бірқатар азамат «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» медалімен марапатталды.

«СБ» ақпарат