Құрылтай

Шағын кемелерді пайдалануға бақылау күшейтілді

6

0

Азаматтардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету және судағы оқиғалардың алдын алу мақсатында Қызылорда облысында шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуына бақылау күшейтіліп, профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде заң талаптарын бұзған 6 азаматқа әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайдың алдын алу басқармасының бастығы Асхат Оразбеков баяндады.

Спикердің айтуынша, департамент қызметкерлері облыс аумағындағы су айдындарында қызметтік қайықтармен тұрақты рейдтер мен патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, кеме иелеріне қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және өзге де ақпараттық алаңдар арқылы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.

– Бүгінгі таңда Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады. Біздің негізгі мақсатымыз – азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту емес, құқық бұзушылықтың алдын алып, адам өмірін сақтау. Осыған байланысты рейдтік іс-шаралар барысында ең алдымен қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Сонымен бірге заң талаптары сақталмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданады. Осыған байланысты шағын көлемді кеме иелері мен кәсіпкерлерден қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау сұралады. Атап айтқанда, кемені заңнамаға сәйкес мемлекеттік тіркеуден өткізіп, техникалық куәландырудан уақытылы өту қажет. Кемені басқару құқығын растайтын құжат болуы, кемеде қажетті құтқару құралдарының толық болуы және әрбір жолаушының құтқару кеудешесін киюі міндетті. Сондай-ақ, кеменің белгіленген жүк көтергіштігі мен жолаушылар саны сақталуы тиіс. Техникалық ақауы бар кемені пайдалануға, алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде кемені басқаруға және қолайсыз ауа райы кезінде суға шығуға жол берілмейді, – деді Асхат Плалұлы.

Өңірлік коммуникациялар қызметі