Қостанай облысында әйел күйеуінен алимент өндіруді сұрап, сотқа жүгінген. Сот барысында ерлі-зайыптылар өзара келісімге келген. Ал судья сол келісімді ресми түрде бекітті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2026 жылы тамызда Қостанай тұрғыны жұбайынан өзін асырауға алимент өндіруді сұрап, сотқа жүгінген. Істі сотта қарауға дайындау барысында ерлі-зайыптылар татуластырушының көмегімен өзара келісімге келген. Сот тараптардың талабын қарап, оның заңға қайшы емес екенін анықтаған.
Келісім бойынша әйел бастапқы талабын 20 АЕК-ке (86 500 теңге) дейін азайтып, қалған талаптарынан бас тартқан. Ал күйеуі бала үш жасқа толғанға дейін әйеліне ай сайын 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде алимент төлеуге міндеттелген.
Егер күйеуі алимент төлеу жөніндегі міндеттемесін орындамаса, әйел соттан атқарушылық құжат алып, оны жеке сот орындаушысына бере алады. Бұл жағдайда алимент мәжбүрлі түрде өндіріп алынады.
Сот ерлі-зайыптылардың келісімін бекітіп, іс бойынша сот өндірісін тоқтатқан.
Сонымен қатар тараптарға осы мәселе бойынша дәл сол тараптар арасында және сол негіздер бойынша сотқа қайта жүгінуге болмайтыны түсіндірілді.
Соттың бұл шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.






