Құрылтай

Құрылтай депутаттары сайлауына дайындық мәселелері талқыланды

63

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Кеше аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық барысын пысықтауға байланысты мәжіліс өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары мен жауапты сала мамандары қатысты.

Мәжілісте сайлау учаскелері мен комиссияларының дайындығы, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шалғай елді мекендер тұрғындарының дауыс беру мүмкіндігін ұйымдастыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар сайлау күні көлік қатынасы, коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысы, азық-түлік пен жанар-жағармай бағасының тұрақтылығы, өрт қауіпсіздігі және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары пысықталды.

Қазалы ауданында халық саны 78 304 адамды құраса, оның ішінде Құрылтай депутаттарының сайлауына 47 515 дауыс беруші ретінде қатыса алады. Ал аудан бойынша барлығы 39 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Аудан әкімі жауапты сала басшыларына сайлауға дайындық жұмыстарын заң талаптарына сәйкес ұйымдастырып, белгіленген тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазіргі таңда ауданда Құрылтай депутаттарының сайлауын жоғары деңгейде өткізу үшін қажетті ұйымдастыру жұмыстары тиісті деңгейде жалғасуда.

Қазалы ауданы әкімдігі